"Бір ұйықтап алу" жаңалық ашып, қиындықтан жол табуға көмектеседі – зерттеу

/
"Бір ұйықтап алу" жаңалық ашып, қиындықтан жол табуға көмектеседі – зерттеу
сурет: istockphoto.com

"Бір ұйықтап ал" деген кеңес бекер айтылмайтын болса керек. Жаңа зерттеу нәтижелері бойынша, адамның қысқа әрі терең ұйқыға кетуі шығармашылық немесе күрделі тапсырмалардың кенеттен шешімін табуға, яғни "эврика!" дейтін сәттерге себеп болуы мүмкін. Бұл зерттеу PLOS Biology журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Неміс зерттеушісі Аника Лёве мен әріптестері жүргізген тәжірибе кезінде 90 қатысушы экрандағы нүктелерді қадағалап, оларға пернетақта арқылы жауап беріп отыруы тиіс тапсырма орындады. Тапсырма қарапайым көрінгенімен, оны айтарлықтай жеңілдететін жасырын амал бар еді. Бұл амал қатысушыларға әдейі айтылмады.

Төрт раундтан кейін қатысушыларға 20 минуттық мызғып алу мүмкіндігі берілді. Бұл уақытта олардың ми белсенділігі электроэнцефалограмма (ЭЭГ) арқылы бақыланды.

Тамаша нәтиже – демалғаннан кейін қатысушылардың 70,6 пайызы жасырын амалды өздігінен тапқан. Ал ұйқының тереңірек фазасы – N2 деңгейіне өткендердің арасында бұл көрсеткіш 85,7% болды.

Салыстыру үшін: ұйықтамаған қатысушылардың – 55,5%-ы, жеңіл ұйқы (N1 фазасы) деңгейіне ғана жеткендердің 63,6% ғана "эврика!" сәтін бастан өткерген.

EEG нәтижелері де маңызды жаңалық әкелді: терең ұйқыға тән мидың спектрлік көлбеуінің (spectral slope) тік болуы шығармашылық серпіліспен тығыз байланысты болып шықты. Бұрынғы зерттеулерге сүйене отырып, авторлар бұл фактордың ми «салмағын» уақытша төмендетіп, жаңа байланыстар жасауға көмектесетінін айтады.

Зерттеу авторлары не дейді?

Жобаға қатысқан невролог Николя Шук: "Қысқа ұйқының өзі адамның бұрын байқамаған байланыстарды көруіне көмектесетіні – өте қызықты құбылыс. Ал енді басты сұрақ – бұл қалай жүзеге асады?"

Аника Лёве: "Мен үшін ең қызығы – EEG спектрлік көлбеуі мен "эврика!" сәттері арасындағы байланыс. Бұл деректер біздің алдыңғы модельдеріміздегі болжамдарды нақтылай түседі."

Ол сондай-ақ мынаны атап өтті: "Шығармашылықпен айналысатын адамдармен бұл зерттеу жайлы сөйлескенімде, олардың көпшілігі қысқа ұйқыдан кейін кенет бір идея келгенін айтып, нәтижелермен толық келісетінін байқадым. Яғни, бұл – шын өмірде де жиі кездесетін құбылыс."

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары