Ресейде балаларға тек ресми түрде бекітілген есімдерді қою ұсынылып отыр. Ресей Мемлекеттік Думасының депутаттары қазір елде рұқсат етілетін есімдер тізімін қалыптастыру қағидаттары бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы ТАСС агенттігі жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Айта кетейік, биылғы ақпанда Ресейдің «Парламентская газета» ерекше есімдерді қоюға тыйым салу туралы заң жобасын әзірлеп жатқанын хабарлаған болатын. Атап айтқанда, депутат қыздарға ер адамдардың, ал ұлдарға әйел адамдардың есімдерін беруге тыйым салынуға тиіс деп санайды. Сонымен қатар балаларға «Пельмень», «Стол», «Тумбочка» сияқты мағынасыз немесе зат есімдермен ат қоюдың алдын алу қажет деп мәлімдеген еді.
«Бұл – заң жобасы тез жазылып, кейін оның қалай жұмыс істейтіні ойластырыла бастаған жағдайлардың бірі. Әзірге біз сүйене алатын нақты сөздіктерді таба алмай отырмыз», – деді Рсей депутаты Буцкая журналистер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, кейбір есімдер бір мезгілде әрі ер, әрі әйел есімі ретінде қолданылады. Ал кейбір есімдер бір тілде ер адамның аты болса, орыс тілінде әйел есіміне айналуы мүмкін. Осы орайда депутат бұл мәселені Мемлекеттік Думаның Мәдениет комитетімен бірлесе отырып шешуге үміт білдірді.