Атырауда ер адамды 30 мың теңге қарызы үшін қатыгездікпен соққыға жыққан. Қазір ол реанимацияда жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жәбірленуші Руслан Жолмағанбетовтың жұбайы Анаргүл Мұғзарованың айтуынша, шабуыл жасаған адам — күйеуінің бұрынғы әріптесі, ол Русланға 30 мың теңге қарыз болған.
«Руслан оны үй маңынан көріп, қарызын қайтаруды сұрады. Сол кезде әлгі адам оған жұдырықпен шабуылдады», — деді Анаргүл.
Соққы салдарынан жәбірленуші өңешінен ауыр жарақат алып, медиастинит (кеуде қуысындағы қабыну) басталған. Қазіргі таңда ол реанимацияда, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Анаргүлдің айтуынша, шабуыл балалардың көзінше жасалған. Қызында тырыспа (құрысу) ұстамасы басталып, ұлы қатты қорқып қалған — оның жүрегінде ақау бар.
Полицияның мәліметінше, бұл оқиға бойынша іс 18 маусымда қозғалған. Күдікті — 1985 жылы туған ер адам — ұсталды. Сараптама тағайындалды, оның нәтижесіне қарай соңғы шешім қабылданады.