Тарихта болмаған қауіп: 16 миллиард құпиясөз таралып кеткен

/
Тарихта болмаған қауіп: 16 миллиард құпиясөз таралып кеткен
сурет: istockphoto.com

Apple, Google, Facebook, GitHub, Telegram, тіпті мемлекеттік платформаларға дейін – барлығының құпиясөздері интернетке тарап кетті. Зерттеушілер 16 миллиард логин мен парольдің ауқымды базасы жария болғанын растады. Бұл интернет тарихындағы ең көп деректің таралуы саналып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz forbes.com-ға сілтеме жасап.

Cybernews зерттеушілері деретердің таралуын жыл басынан бері бақылап келген. Олардың айтуынша, әрқайсысында ондаған миллионнан 3,5 миллиардқа дейін жазбалар бар 30-ға жуық деректер жиынтығы табылған. Жалпы саны – 16 миллиард.

Құпиясөздің жария болуы – аккаунттың бұзылуына, ал аккаунттың бұзылуы банк карталарыңыздан бастап жеке хаттарыңызға дейін бәрінің қауіпке түсуіне алып келеді. Сол себепті Google миллиардтаған қолданушыны құпиясөздің орнына қауіпсізрек passkey-ге көшуді ұсынуда. Ал FBI қолданушыларға SMS арқылы келген сілтемелерге баспауға кеңес беріп отыр.

Құпиясөздеріңізді шұғыл ауыстырыңыз. Әр түрлі платформада бірдей құпиясөз қолданудан бас тартыңыз. Екі факторлы аутентификацияны қосыңыз. Құпиясөздерді сақтау үшін сенімді менеджер қолданыңыз (мысалы, 1Password, Bitwarden).

Мамандардың пайымдауынша, мұндай ауқымды ағып кетуге бірнеше инфостилер – яғни, жеке деректерді ұрлайтын зиянды бағдарламалар себеп болған. Бұл құралдар пайдаланушының құрылғысынан логиндер мен құпиясөздерді автоматты түрде ұрлап, кейін оларды қара нарықта сатады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары