Мысық пен жылан: Қазақстандықтар қатыгез эксперимент жасаған блогерді жазалауды талап етті (ВИДЕО)

/
Мысық пен жылан: Қазақстандықтар қатыгез эксперимент жасаған блогерді жазалауды талап етті (ВИДЕО)
pixabay.com

Әлеуметтік желілерде Тараздық блогер Жанат Әкімжанқызының видеосы қызу талқылануда. Бұл видео қазақстандықтар арасында ашу-ыза тудырып, қоғамда үлкен резонансқа себеп болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Видеода блогер мысық пен жыланға эксперимент жасаған.

«Елдің айтуынша мысықтар мен жыландар — жау. Мысық жыланды үйге кіргізбейді деп есептеледі. Қазір соны тексереміз», — дейді блогер видеода.

155 мыңнан астам жазылушысы бар блогер мысық пен жыланды жерге қатар қояды. Мысық қатты қорқып, қашып кетуге тырысады. Бірақ әйел жыланды қайта-қайта мысыққа жақындата береді.

«Біздің қаладан алып келген мысығымыз, шамасы, шокта. Сыртқа шығудан қорқатын мысыққа жыланмен тәжірибе жасағаным бекер болды-ау. Тек қашып кетпесе болғаны», — дейді ол тағы.

Бұл жазбаны Threds әлеуметтік желісінің қолданушылары байқап, әйелді жануарларға қатыгездік танытқаны үшін жазалауды талап етті. Пікір білдірушілерді ерекше алаңдатқан жайт — видеодағы әйелдің ана екендігі.

"Бұл әйел ана сияқты ғой. Сонда баласына не үйретпек? Басы дұрыс емес сияқты," "Бұл — жануарға қатыгездік қой," "Мына әйелдің психикасы дұрыс емес шығар," "Құдай-ау, нағыз садист қой мынау," — деп жазды желі қолданушылары.

Айта кету керек, әйел жылан мен мысық арасындағы "экспериментін" Instagram-сторис арқылы алдын ала жарнамалаған. Алайда халықтың сын-ескертпелерінен кейін ол видеоны өшіріп тастаған.

 

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары