Атырау тұрғындары мұқтаж жандарға арнап тоңазытқыш орнатты. Әлеуметтік маңызы бар бұл бастама қазақстандықтарға ұнады, деп жазады turkystan.kz.
Тұрғын үй кешендерінің бірінің тұрғындары қоқыс жәшіктерінің жанына электр желісіне қосылған тоңазытқыш орнатуды шешті. Бұл тоңазытқышқа жемейтін, бірақ жарамдылық мерзімі әлі өтпеген азық-түліктерді салуға болады. Бастама мұқтаж жандарға көмек көрсету мен азық-түлік қалдықтарымен күресуге бағытталған.
Тұрғындардың айтуынша, тамақты тастағанша, сол тоңазытқышқа қалдыруға болады. Ал мұқтаж адамдар ол жерден тегін азық-түлік алып кете алады.
Instagram желісінде бұл видео тез тарап, танымал болды. Қазақстандықтар пікірлерін қалдырды.
«Мен тіпті арнайы дайындап апаратын едім!», «Мұндай тоңазытқыштарды қоқыс жанына емес, дүкендердің маңына қойған дұрыс болар еді», «Керемет! Идея өте жақсы!», «Кейде тамақты тастауға қимайсың. Мен де қалдырып кетер едім», — деп жазды қолданушылар.
Қазақстандықтар осындай жобаларды басқа қалаларда да іске асыруды ұсынды.