Аяғыңыз үнемі тоңып жүре ме? – бұл кең тараған аурудың бір белгісі болуы мүмкін

/
Аяғыңыз үнемі тоңып жүре ме? – бұл кең тараған аурудың бір белгісі болуы мүмкін
сурет: istockphoto.com

Аяқтың үнемі мұздай болып жүруінің түрлі себебі бар. Егер бұл қан айналымының нашарлауынан болса, онда бұл перифериялық артериялық ауру (ПАА) деп аталатын кең таралған жағдайға байланысты болуы мүмкін. Бұл кезде артериялардың тарылуы аяқ-қолдарға қан жеткізілуін тежейді, деп хабарлайды turkystan.kz scmp-қа сілтеме жасап.

Бұл көбінесе атеросклероздың белгісі – артерия қабырғаларында майлар, холестерин мен басқа заттардан құралған плақтар жиналып, тамырлардың қатаюына және тарылуына әкеледі. Соның салдарынан қан айналымы нашарлайды.

Ауру асқынып, аяқтағы ауырсыну секілді басқа белгілерге ұласпай тұрып, бұны қалай ерте анықтауға болады?

«Артерияларыңызда плақ жиналу қаупі бар-жоғын білгіңіз келсе, алдымен қауіп төнегн адамдар тобына кіретініңізді немесе кірмейтініңізді анықтап алыңыз», – дейді Германияның Оберхаузен қаласындағы қан тамырлары хирургі доктор Сиямак Пурхассан.

Оның айтуынша, артық салмағы бар адамдар, шылым шегетін немесе бұрын шеккендер, жоғары қан қысымы немесе холестерин деңгейі барлар, сондай-ақ 50 жасқа дейін инфаркт немесе инсульт алған туысы бар адамдар қауіп тобына кіреді.

Сонымен қатар жас ұлғайған сайын (әсіресе 65 жастан асқандарда) бұл тәуекел арта түседі. Қан айналымы бұзылыстары 60 жастан асқан әр он адамның бірінде кездеседі.

Ерте белгілерге тырнақ саңырауқұлағы, башпай мен балтырда түктің түсуі, өкше, табан және саусақ араларындағы терінің құрғап, жарылуы жатады.

«Бұл белгілерге назар аудару керек, себебі олар қан айналымының бұзылғанын көрсетеді», – дейді доктор Пурхассан, Германияның Қан тамырлары хирургиясы және ангиологиясы қоғамының басқарма мүшесі.

Жалпы тәжірибелік дәрігер ПАА-ға қарапайым тексерулер арқылы күмән келтіре алады – мысалы, аяқ пен білектегі артериялық қысымды салыстыру (балтыр-иық индексі) немесе табан мен өкше тұсындағы тамыр соғысын тексеру. Егер нәтиже аяққа қанның дұрыс бармай жатқанын көрсетсе, қан тамырлары хирургына жүгінуге тура келеді.

Егер суық аяқтың себебі артериялардың тарылуы болмаса, мәселе басқа болуы мүмкін, мысалы, қалқанша безінің әлсіздігі, анемия, төмен қан қысымы, күйзеліс немесе қант диабетіне байланысты жүйке зақымдануы.

Қауіп тобына кірмейтін адамдарға алдын ала қан тамырларын тексерудің қажеті жоқ, дейді дәрігер.

Егер сізде артериялардың тарыла бастағаны анықталса, міндетті түрде белсенді өмір салтына көшкен жөн. Дәрігер спорттық клубтарға, жүрек-қан тамырлары ауруларына арналған спорт топтарына немесе бірге серуендеуді ұйымдастыратын өзіндік көмек топтарына қосылуға кеңес береді.

Егер бұл мүмкін болмаса, ол балама ұсынады: «Би билеңіз. Би – жүрек-қан тамырлар жүйесі үшін де, психикалық саулық пен әлеуметтік белсенділік үшін де ең тиімді жаттығу түрлерінің бірі».

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары