Түпнұсқа, төлнұсқа, телнұсқа: термин жасаудың машақаты

Түпнұсқа, төлнұсқа, телнұсқа: термин жасаудың машақаты
сурет: istockphoto.com

Бүгінгі сөзжасамның, қазақы баламаны орнықтырудың өзекті жайын ойластырғанда, ең алдымен термин тудырудағы бірізділік бірінші орында тұруға тиіс. Бір терминді әр саланың әртүрлі аударуы осы жолдағы елеулі кедергі. Бұл оқырманды, тыңдарманды, т.б. тілді тұтынушыны белгілі бір түсініспеушілікке тірейді.

Терминнің жасанды, калька үлгі­сін­дегі аудармалары да жоқ емес. Кей­бір термин қазақша тым күрделі «сөйлеп», шы­найы қолданыстан алшақ тұрады. Мұн­дай терминді айту да, жазу да қиын. Сон­дық­тан термин сөздің төл тілдің таби­ға­ты­мен үйлесімді болуына көбірек көңіл бө­­­лінгені жөн. Осы орайда өткеннің өне­ге­сіне жүгініп көрейікші.
Белгілі Алаш қайраткері Халел Дос­мұха­­­­медұлы «Аламан» кітабында орыстың «уда­рение» сөзін «сөздің басуы» деп пай­да­ланған. Бұл терминге тартпайтын, бір­жол­­ғы қолданыс. Бізде, әсіресе әдебиет пен линг­вистикада «ударение» оның толық ма­ғынасын бейнелейтін «екпін» сөзіне сәй­кестендіріліп, ұзақ уақыттан бері, тарихи тұр­ғыда қалыптасты деуге болады. Тілдегі ор­нықты терминнің бірі де сол. Ал «сөздің ба­суы» синонимдік сипатта көркем-пуб­ли­цистикалық еңбектерде пайдаланылуы мүмкін. 
 Осы орайда Халел Досмұхамедұлының «Еу­ропа тілдері бізге орыс арқылы жал­ға­са­ды. Сондықтан Еуропа сөздерін орыстың ай­туынша қолданып жүрміз. Бұл – дұрыс емес. Еуропа сөзін асыл нұсқасынан алып өз­гертіп қолдану керек» деген ойлары сөз­жасамның нақты бағытын нұсқап тұрғаны сөзсіз.
Ол «асыл нұсқа» деп не жайында айтып отыр? Әрине, «түпнұсқа» туралы. Бірақ «түп­­нұсқаның» орысшасына келгенде, бізде бі­раз уақыттан бері «оригинал» мен «под­лин­ник» тайталасып келеді.
2016 жылғы бекітім бойынша – түп­нұс­қа. «Авторский оригинал» – авторлық түп­нұс­қа. Алайда 1971 жылдан бері «ори­гина­льная литература» – «төлтума әдебиет» деп қолданылады. Математикада «оригинал» «түпбейне» деп алыныпты. Беріректе «төл­нұсқа» шықты. Экономика мен қаржы са­ласында «оригинал» – төлнұсқа. «Ори­ги­на­льность» дене тәрбиесі мен спорт сала­сын­да «бірегейлік» деп қабылданған. «Ори­гинальное лекарственное средство» заң­тануда – түпнұсқалы дәрілік зат. Әдебиет пен лингвистикада «язык подлинника» – түпнұсқа тілі. Іс жүргізу, архив саласында «подлинник» – түпқұжат.
Қазақшасы осы сөздерден тарайтын «ау­тентичность» бар. 2010 жылдан бастап ол кейде бірге, кейде бөлек жазылып, «тең­түпнұсқалық» деп аударылған. «Тең­түп­нұсқалылық» деген түрін де кездестіруге тура келді.
Осы «аутентичность» жарықтық фи­ло­софия саласында «теңтүпнұсқалық», «ау­тент­тілік», «сәйкестік» деп қазақшаланған; мә­де­ниет пен өнер саласында – «сайма-сай­лық», «төлтумалық»; экономикада – «тең­түпнұсқалық».
«Оригинал» мен «подлинник» те біріз­ді­ліктің жоқ екенін мына секілді бекі­тім­дерден көруге болады: «оригинальная ли­тература» – төлтума әдебиет; «оригинальное произведение» – төлтума шығарма; «само­быт­ность культуры» – мәдениеттің төл­ту­ма­лығы; «культура аутентичная» – төлтума мә­дениет. 
Сөйтіп, әр қиырға жол сала келіп, «түп­нұсқа» мен «төлнұсқа» орнығып болғанша, «тел­нұсқа» деген «бауыры» дүниеге келіп қал­ды. Ол «дубликаттың» қазақшасы бо­лып шықты. Қазір негізінен осылай тұ­рақ­ты қолданылады. 
Алайда кейбір салада мұны түрлендіріп қол­дану байқалады. Мысалы, машина жа­сау саласында ол – «аналог»; «Цифрово-ана­логовый» – «сандық-телнұсқалы» деп ау­дарылған. Тарих саласы «телқұжат», «тел­нұсқа» деп екі үлгіде алған; философия мен сая­саттану саласы «дубликатты» – «телнұс­қа», «көшірме» деп бекіткен.
Сонымен, оригинал – түпнұсқа, под­линник – төлнұсқа, дубликат – тел­нұсқа болып бекітілген екен, енді әрі қарай өз­геріссіз, осылай орныға түсуі керек. Бұлар бар­лық салада бірдей мағынада қол­да­нылуға тиіс. Сонда терминдік күш алады. 
Рәбайда аударманы «телтума» деп ай­дар­лау кездесіп қалады. Бұл да «төлтума» тә­різді синонимдік қатарды көбейтпесе, тер­миндік тегеуіріні бос қолданыс сияқты се­зіледі. 
Жинақтай келгенде, қай «нұсқа» болса да, арғы жағындағы Халел Досмұхамедұлы таңбалаған «асыл нұсқаға» бәрібір қол жетпей тұрған сияқты... көрінеді...

***
Ахмет Байтұрсынұлы 1912 жылы Орын­борда шыққан оқу құралын «Қазақша алифба», яғни әліппе (букварь) деп атады. Ал 1928 жылы Қызылорда қаласынан шық­қан кезінде осы жаңа құрал «Әліп-би» («но­вый букварь») деп аталды. Бүгінде «бук­варь» мен «азбука» әліппе деп қазақ­ша­лан­ған; ал «алфавит» әліпби аталып жүр. 
«Азбука» деген сөздегі «аз» орыс әліп­биін­­дегі «а» әрпінің ескі атауы, яғни араб­ша-қазақша ұғындыруша – әліп. Әліпті таяқ деп білмеудің басы осы «аз»-да тұр. Біз­де букварь – әліппе, алфавит – әліпби бо­лып орныққан, ал «азбука» ше? Оны да әліп­пе дей береміз бе? Әлде әліптің төңі­регін шиырлап, басқаша балама табамыз ба? Әліппе десек, оның орысшасы не бук­варь, не азбука болуы керек. «Азбука» – әліп+ше деп алып көрсек қайтер еді?! 

***
Қазіргі мемлекеттік тілдегі нормативтік актілерде, басқа да ресми құжаттарда бел­гілі бір қалыптасқан тіркестер бар. Мысалы, «обмен мнений» жаппай «пікір алмасу» бо­лып аударылады; «обмен опытом» негі­зінен «тәжірибе алмасу» болып аударылады, арагідік «тәжірибе алысу» деген түрі кезде­сіп қалады. 
Ал қазақтың ұлы жазушысы Бейімбет Май­лин өзінің аударма еңбегінде «обмен опы­том» сөздерін «тәжірибе ауысу» деп ал­ған, «обмен мнений» Бейімбетше – «пікір алысу». 
Бұлардың қайсысы қазақша, қайсысы «калькаша»?!

***
«Әлует» пен «әлеует» мағыналас сөздер; екеуі де күшті, қарулы, әлді, т.б. деген сияқ­ты бірегей мағына береді. Терминдік тұғыр­дағы әлеуеттің орысшасы «потенциал» бо­лып орныққан; аудармалы жағынан кел­генде, «потенциал» кейде ықтимал, мүм­кін­дік, шама, күш-қуат, қарым деген тәрізді рай­да қолданылып кетеді. Әлует те одан алыс­тамай, арғы-бергі аудармада күш-қуат­тың төңірегін шиырлап тұрады. Кейде қос сөз (әлует-әлеует) не нұсқалас (айқай-ай­ғай, міні-міне тәрізді) сөз сияқты көрінеді. 
Бұларды тілімізде қатарлас, нұсқалас сөз­­дер ретінде қолданған орынды бола ма деген ой бар. Айталық, қазір «силовые ст­рук­туры» тіркесі «күш құрылымдары», «күш­тік құрылымдар» деген түрде каль­ка­лық сипатта қазақшаланып жүр. «Сила»-ның мағыналық жағынан күшке тура ке­летін тұстарын сол күйінше қалдырып, осы «силовые структуры» сияқты қолданымды «әлуетті құрылымдар» («әлеуетті» емес) деп тұрақты орнықтырсақ қалай болар еді. Сон­да әлеуеттің дербес жолы ашылып, әлует лайықты мекенін табар еді. 
«Әлуетті құрылымдар» тіркесін бір кез­де ұлы жазушы Әбіш Кекілбайұлы өз жаз­баларында дәл осы мағынасында («силовые структуры») қолданып еді, бірақ сол ес­керіл­мей қалған сияқты. Әбекеңнің әлеует­ті біле тұра, әлуетті қолданғаны сөзжа­сам­ның әлі де зерделенуге тиісті бір тылсымын аңғартса керек.

***
Кез келген оқиға (событие) алғашқы 45 минутта ғана жаңалық болып есептеледі, содан кейін тарихқа айналады деседі. Ал осы­ны «оқиға» емес, «уақиға» деп жазсақ ше? Не өзгереді, ештеңе де; сол «событие» күйін­ше қала береді. Демек, бізге уақиға мен оқиғаның аражігін ажыратуға тура ке­леді. Немесе екеуін екі сөздің қазақша ба­ламасы ретінде тұрақты орнықтыру керек.
Түсіндірме сөздіктерге жүгініп, «уа­қиға»-ның не екенін білгіңіз келсе, ол зат есім тұлғасында құбылыс, болған іс, жағдай, ақыры... «оқиға» болып шығады. Жергілікті қолданыстағы «уақиға жасау» жағ­­дай жасау, әрекет ету, ретін келтіру ма­ғынасын береді. Сайып келгенде, уақиға – оқиға, оқиға – уақиға болып шығып, бір сөз­дің екі түрлі айтылуы сияқты ой қал­дырады.
Бізде «событие» мен «проишествие» – оқиға не уақиға. Сөздіктерде жазылғандай, оқи­ға мен уақиғаның адамның не қоғам­ның өміріндегі болып өткен іс, елеулі құбы­лыс, т.б. екенін еске ала отырып әрі күн­де­лікті қолданыс практикасын ескере келіп, «оқиға»-ны «событие»-ге, «уақиға»-ны «прои­шествие»-ге тұрақты теліген жөн бо­латын тәрізді. Өйткені «событие» «оқиға» болып орнығып қалды. Осы ескерілуге тиіс. Со­нда «чрезвычайное проишествие» – төтен­ше уақиға болады.

***
Кейбір жергілікті сөздерді қайталама терминдердің біріне балама ретінде ұсынуды да тәжірибеге енгізгеннің артықтығы жоқ деген ойдамыз. Тілімізде бар «пісент» (пісентті, пісенттілік, пісенттеу) деген сөзді осы сапқа қоюға болар еді. Жергілікті сөз санатындағы «пісент» әр өңірде әртүрлі мағынада (жинақы, ұқыпты, сақ, мақұлдау, мақтау, сенімді, тыңғылықты, пысықтау, қадағалап қайталау, пысықтау, т.б.) қолданылады. Әсіресе, оның «пісенттеу» тұлғасындағы мағынасы тексеру, қадағалаудан гөрі «пысықтау»-ға көбірек жақындайды.
Біз «пысықтау» деп орыс тіліндегі «про­ра­ботать», «проработка» сөздерін айтып жүр­міз, ресми құжаттарда да осылай ор­ныққан; ал бұған ұқсас «доработать», «до­работка» сөздерін қазақша ұсыну кезінде бір сөзбен бейнелей алмай, «одан әрі, жете, жет­кізе пысықтау, пысыту» деген сияқты бір­неше сөзбен бейнелеуге тура келуде. 
Осы жайтты оңтайландыру үшін «дора­ботать», «доработка» сөздерін қазақша жер­гілікті «пісенттеу» сөзімен бейнелесек қа­лай болар-ды? Сонда «проработать», «про­работка» – «пысықтау»; «доработать», «до­работка» – «пісенттеу» болып шығар еді.

***
1883 жылы «аптека» деген сөз қазақша «дарухана» деп аударылғанын білеміз бе? Біздің ұғындырма сөздіктерімізде «дару» зат есім тұлғасында көрсетіледі; «дару» – кей­бір жерлерде дәрі, дәрі-дәрмек сөздері­нің ортақ атауы ретінде де орныққан. Тілі­мізде кездесетін «дарулық», «дәрулік», «дәру» деген т.б. осындай сөздердің мағы­на­сы бірыңғай ем, шипа ұғымына келіп тіре­леді. 
Осы орайда «витамин» сөзінің «дәру­мен» деп қазақшалануы тіл табиғатына сәйкес келетін табылған термин екенін айт­қан жөн. Жоғарыда айтылған «дару­ха­на» да болмысы жағынан бүгінгі «дәріхана»-ға тура келіп тұр. Әлдекімдердің әдетте «ха­на» деп мысқылдағысы келетіні бар, он­дайға назар аударудың мүлде қажеті жоқ: «дәріхана» – тарихтың мысалымен тия­нақталған балама. 
Бұдан былай бірізді пайдалану үшін «дәрі», «дәрі-дәрмек», «дәрілік препараттар», «дә­рілік заттар» деп жиі қолданылатын са­лалық терминдердің орыс тіліндегі тек­тес «туыстарына» әрдайым тайлас тұруын тұрақтандырған маңызды болар еді деп ойлаймыз.
Терминологиялық комиссияның бекітуіне сай, «лекарственные пре­па­раты» – дәрілік препараттар, «лекарствен­ные вещества» – дәрілік заттар деп дұрыс қол­данылып келеді. (Бірақ соңғы уақытта «вещество» жаппай заттек болып бекітіл­ге­нін ескерсек, көпше тұрғыда дәрілік зат­тек­тер деп жазылуы керек бола ма?). 
Осы орайдағы ала-құлалық көбіне «ле­карство» мен «медикамент» төңірегінен шы­ғады. Мысалы, ауыл шаруашылығы са­ласында «лекарство» – дәрі, дәрі-дәрмек деп екі сөзбен бекітілген; ал іс жүргізу және ар­хив ісі саласында «медикамент» те, «ле­карство» да – дәрі-дәрмек. Демек, алдағы уа­қытта «медикамент» – дәрі-дәрмек деп нақ­тыланғаны жөн.
Әдеби шығармаларда «емхананы» (по­ликлиниканы, клиниканы) «дәружай» деп атау кездесіп қалады. Бірақ сол емхананың өзі ескі сөзге айналып бара жатқан тәрізді. 2017 жылы Терминком бір мәрте емхана деп бекіткен «поликлиника» мен «клиника» осыдан кейін ешбір өзгеріссіз жаппай орысша түрінде бекітіліп келеді. Бұл сірә ем­хана сөзінің мағыналық жағынан «по­ликлиника» мен «клиника»-дан гөрі «лечеб­ница»-ға көбірек жақындайтынына, оның «поликлиника» мен «клиника»-ның бүгінгі кең тұрғыдағы кешенді қызметін жан-жақ­ты бейнелей алмайтынына да бай­ланысты болса керек.
Задында, сөзжасамның қыр-сырына үңі­ліп, терминдердің тіл табиғатына сай үй­лесімді жасалуын таразылап көру ар­қы­лы сөйлеп, жазып, оқып жүрген әр сөзі­міз­дің болмысына бойлай аламыз. 

Серікқали БАЙМЕНШЕ,
филология ғылымдарының докторы, 
Республикалық терминология комиссиясының мүшесі

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары