Дәулет Мұқаев: Әрбір оныншы қазақстандық бүйрек ауруына шалдыққан, бірақ көбіне диагноз қойылмайды

/
Дәулет Мұқаев: Әрбір оныншы қазақстандық бүйрек ауруына шалдыққан, бірақ көбіне диагноз қойылмайды
сурет: parlam.kz / Жаслан Жумабеков

Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға созылмалы бүйрек ауруына (СБА) қатысты депутаттық сауал жолдады. Депутат ұлт саулығы мен стратегиялық алдын алу шараларының маңызына назар аударды.

«Ұлт саулығы – ел байлығы. Қоғамның орнықты дамуы үшін азаматтардың денсаулығы бірінші кезекте тұруға тиіс», – деді Дәулет Мұқаев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта бүкіл әлемде созылмалы бүйрек ауруы алаңдатарлық қарқынмен өсіп келеді. 2021 жылы бұл дерттен 4 миллион адам көз жұмған. Бұл әрбір 8 секунд сайын бір адам өмірден өтеді деген сөз.

Депутаттың дерегінше, бүгінде әлемде 850 миллионнан астам адам СБА-ға шалдыққан. Бұл – жер бетіндегі халықтың 10 пайызынан астамы. Аурудың негізгі қауіп топтарына қарт адамдар, әйелдер, диабет және гипертониямен ауыратындар кіреді.

Қазақстандағы жағдай да мәз емес. Елде әрбір оныншы азамат бұл дертке шалдыққанымен, олардың тек жетеуінің біреуіне ғана ресми диагноз қойылады. Қазірдің өзінде 3 600-ге жуық адам бүйрек трансплантациясына кезекте тұр, олардың қатарында 80-нен астам бала бар.

«Егер бұл үрдісті тоқтатпасақ, ертең денсаулық сақтау жүйесіне, тіпті ел экономикасына түсетін салмақ бірнеше есе артады», – деді депутат.

Оның айтуынша, бір науқастың гемодиализ алуы жылына 5,6 млн теңгеден асып жығылады. Қазір елімізде 12 мыңнан астам адам диализ алады. Бұл мемлекетке жыл сайын 67 млрд теңгеден аса шығын әкелуде.

Депутаттың сөзінше, СБА көбіне қант диабеті, артериялық гипертензия және семіздік сияқты алдын алуға болатын қауіп факторларымен байланысты. 2019 жылғы деректерге сәйкес, дәл осы үш фактор созылмалы бүйрек жеткіліксіздігінің басты себептері ретінде анықталған.

«Мәселен, 1990-2019 жылдар аралығында гипертониямен өмір сүретін адамдар саны екі есеге артып, 1,3 миллиардқа жеткен. Ең сорақысы – олардың жартысынан көбі өзінің қан қысымының жоғары екенін білмейді», – деді Мұқаев.

Сондай-ақ, диабетпен ауыратын 537 миллион адамның 40%-ында СБА дамиды. Қазақстан үшін де бұл дабыл қаққызатын көрсеткіш. Елде диабет пен гипертониямен ауыратындар саны жыл сайын артып келеді.

Депутаттың министрге жолдаған нақты ұсыныстары:

  1. Созылмалы бүйрек ауруын ерте анықтау мақсатында скринингтік тексерулерге тегін профилактикалық тексерулерді енгізу;
  2. Бірінші деңгейлі медициналық ұйымдарда диабет пен гипертонияны басқару бағдарламаларын күшейту;
  3. Халық арасында дұрыс тамақтану мен белсенді өмір салтын насихаттайтын кешенді ақпараттық кампаниялар жүргізу;
  4. Нефрологиялық қызметті дамытуға арналған ұлттық стратегия әзірлеу;
  5. СБА бойынша цифрлық мәліметтер жинау мен талдау жүйесін жетілдіру.

«Бұл мәселе тек медицина шеңберімен шектелмейді. Оған стратегиялық, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарау керек», – деп түйіндеді депутат өз сөзін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары