Оралдық мейірбике ұшақ бортындағы жолаушының өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Орал — Шарм-эль-Шейх рейсінде жолаушылардың бірінің кенеттен жағдайы ауырлап, қан қысымы күрт төмендеп, есінен танып қалған.
"Бұл оқиға қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін еді, бірақ ұшақта Орал қаласының №5 емханасының кеңейтілген практика мейірбикесі – Динара Сариева болды.
Динара жылдам әрекет етіп, бір сағат бойы шұғыл медициналық көмек көрсетіп, қонғанға дейін пациенттің жанында болған.
Қиын жағдайда, ресурстар шектеулі болған кезде, ол бортсеріктермен бірге жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін ер адамның жағдайын тұрақтандыра алды.
“Ұшу кезінде күйеуім ауырып, қан қысымы төмендеп, есінен танып қалды. Бортсеріктер мен мейірбике Динара Сариева оның өмірін сақтап қалды”, - деді жолаушының әйелі", – делінген облыс әкімдігінің хабарламасында
Динара Сариева – мейірбике, күн сайын емханада пациенттерді дербес қабылдауды жүргізеді, медициналық көмек көрсетеді, алғы шепте жұмыс істейді.