Римнің қақ ортасындағы Galleria Alberto Sordi сауда орталығында осы аптада ерекше мозаика пайда болды. Онда ежелгі Рим банкеті бейнеленген, алайда басты кейіпкерлердің дастарханында бургер мен картоп фри секілді заманауи фастфуд тағамдары тұр, деп хабарлайды turkystan.kz wantedinrome.com-ға сілтеме жасап.
Бұл «Enjoy the Classics» атауын алған инсталляция нағыз археологиялық табыс емес, McDonald’s компаниясының жарнамалық кампаниясы болып шықты. Жоба ежелгі Рим мозаикасын еске түсіретін стильде жасалған, тіпті McDonald’s логотипі де бар. Бұл мозаиканы 7 маусымға дейін көруге болады.
Жоба әлеуметтік желілерде қызу талқылауға түсті. Кейбір қолданушылар бұл идеяны күлкілі әрі тапқыр деп бағаласа, енді біреулер оны мүлдем орынсыз деп сынады. Италиялықтардың бір бөлігі мозаиканы "еліміз бен мұрамызға жасалған символикалық зорлық" деп атап, реніш білдірді.
Айта кетейік, McDonald’s Римде алғаш рет 1986 жылы Испан баспалдақтарының маңында ашылған болатын. Бүгінде италиялық астанада компанияның 50-ден астам мейрамханасы жұмыс істейді.