Құрбан айтта шамасы жеткен дерге құрбан шалу – уәжіп. Уәжіп деген – парыз бен сүннеттің арасындағы амал.
Құрбандық шалу ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, ауқатты, муқим (тұрақты), әрбір ер және әйел мұсылманға бұйырылды. Ал жолаушыға, уақытша (15 күннен аз) қоныстанған, қажыға барған (меккеліктен басқа) және кедей адамға құрбандық шалу міндет емес. Бай деген – өзінің және отбасының негізгі қажеттілігінен артық мал-дүниесі зекет нисабына жеткен (85 грамм алтыны, 40 қойы, 30 қара малы немесе 5 түйесі бар) адам. Ақылды, балиғат жасына толған адам құрбандықты өз атынан шалады. Кішкентай балалары атынан құрбандық шалу міндет емес.
Құрбандық дұрыс болу үшін сау мал табу, айт күндері құрбандық шалу және ниет ету қажет. Ниетті тілмен айту шарт емес, көңілде ниет етудің өзі жеткілікті. Құрбандық малын сатып алғанда, біреуге тапсырыс бергенде немесе оны өзі бауыздаған кезде құрбандық ғибадатын ниет етумен шарт орындалады.
Айт құрбандығын үшінші күннің кешіне (ақшамына) дейін шала алмаған адам құрбандықты (малды) сатып алып қойған болса, тірі күйінде өзін немесе құнын (бағасын, алтын күйінде) кедейлерге береді.