Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай әлеуметтік желілерде өзінің атын, қызметін және фотоларын заңсыз пайдаланып, жалған аккаунттар ашылуына байланысты видеоүндеу жасады, деп хабарлады turkystan.kz.
«Менің инстаграм әлеуметтік желісіндегі жалғыз аккаунтым S.d.n_ тек отбасыммен, жақындарыммен байланыс жасау үшін ғана құрылған. Онда ешқандай ресми ақпарат, пікір немесе кәсіби сипаттағы жарияланым жарияланбайды. Менің атымнан ашылған басқа барлық парақшалар — жалған. Менің атымды, қызметімді немесе фотомды рұқсатсыз пайдалану, әсіресе қылмыстық іс аясында, бұл — заңсыз әрекет. Және ол ҚР Заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Назар аударыңыз: аталған жалған парақшаларда түрлі блогерлерге жазылуға шақырулар жарияланады, жалған сауалнамалар мен сілтемелер таратылады, сыйлықтар мен ұтыс ойындар өткізіледі, қылмыстық іске қатысы бардай көрсетілген жалған мәліметтер таратылады, менің атымнан пікірлер мен мәлімдемелер жазылады. Сондықтан сіздерден өтініш: мұндай сілтемелерге өтпеңіздер, күмәнді ұтыс ойындарына қатыспаңыздар, менің атымнан ұсынылған блогтарға немесе парақшаларға жазылмаңыздар. Бұл әрекеттер алаяқтық сипаттағы схемалар болуы мүмкін. Олар сіздердің жеке деректеріңізді алыу, халықты шатастыру немесе Прокуратура органдарының беделіне нұқсан келтіру мақсатында жасалуда», - деді Дан Сәрсенбай.
Сондай-ақ ол тек қана ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырды.