Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Әли Әлиев ұлттық команда мен даниялық «Силькеборг» клубының жартылай қорғаушысы Рамазан Оразовтың кеңейтілген тізімге қосылмау себебін түсіндірді, деп хабарлайды turkystan.kz aladop.kz-ке сілтеме жасап.
«Мен Рамазанмен сөйлестім, өзім хабарластым. Кеңейтілген тізімге енген, бірақ соңғы құрамға кірмеген әрбір ойыншымен тілдестім. Рамазанның өзі де ойын тәжірибесінің аздығынан ұлттық құрамаға шақырту алмағанын жақсы түсінеді. Ол өзі де бұл шешімнің дұрыс болуы мүмкін екенін мойындады. Қазір ол үшін маңызды шешім қабылдайтын кезең келді – тұрақты түрде ойнау үшін не клуб ауыстыруы керек, не болмаса қазіргі командасында негізгі құрамға оралуы қажет. Бізге дәл осындай тәжірибелі футболшылар қажет», – деді бас бапкер.
Рамазан Оразов Дания Суперлигасының 24/25-жылғы маусымында «Силькеборг» сапында 23 ойынға қатысып, 3 голдың авторы атанды. Десе де отандасымыздың біраз уақыттан бері алаңға шықпай, негізгі құрамдағы орнын жоғалтып алғанын қоса кетуіміз керек.