Қарағанды сотында 15 жастағы қызын күйеуге берген анаға қатысты іс қаралып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz ktk.kz-ке сілтеме жасап.
Білім бөлімі оны ата-ана құқығынан айыруды талап етеді. Ал қаршадай қызды қалыңдық қылған 38 жастағы күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу абақтысына қамалған.
"Оны жазған арызын айтырып алуға аналар көндіріпті. Алғашындағыдай емес, қазір қызым анасына мейірімі оянып, сөйлесе бастаған. Олар болса, осыны пайдаланып, өздерінікін істеп отыр. Менің төрт баламнан бөлек, оның казіргі күйеуінен тағы екі баласы бар. Қыздың туған әкесі бұрынғы әйелі балаларға қысым көрсететіндіктен тезірек оларды өз қолына алғысы келеді, – дейді қыздың әкесі.
Естеріңізге салсақ, оқиға Абай қаласында болған. Анасы мен өгей әкесі 15 жастағы қыздарын күйеуге беріп жіберген. Алайда ол бес күннен кейін туған әкесіне қашып келіпті. Ол бірден қызын полицияға ертіп барып арыз жазады. Тәртіп сақшылары кәмелетке толмаған қызды әйел қылған 38 жастағы ер адамды Астанаға қашып бара жатқан жерінен ұстап алып, қамауға алды. Қыздың анасы, өгей әкесі, күдікті де діни ағымның өкілдері. Қыздың әкесі сол ағымның тәртібіне сүйенген болып, баланы ересектің етегінен ұстатқан дейді. Оның қолындағы басқа балалар да осы күйді кешпес үшін білім бөлімі де әйелді ата-ана құқығынан айыруды талап еткен.
"Қаршадай баланы күйеуге беріп жіберген. Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия отырысында қыз оны растап берді. Бес күн бойы қыз бала өз үйінде қонбайды. Оны шешесі іздеу салып, полицияға арыз түсірмейді. Демек бәрін білген. Қазір білмей қалдым деп отыр. Комиссия шешімі бойынша, біз сотқа арыз түсірдік, балаларды қорғау органдарының қарауына өткізу үшін", – дейді Абай ауданы білім бөлімінің басшысы Марина Стрельникова.