АҚШ-тың Вашингтон штатында америкалық қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болды. 5, 8 және 9 жастағы кәмелетке толмаған үш әпкелі-сіңлілі қыз 30 мамырда із-түссіз жоғалып кеткен, деп хабарлады turkystan.kz.
Олар әкесімен кездескен соң, өлі күйінде табылды. Қыздардың әкесі қаңғыбас болған.
New York Post басылымы қыздардың денесі олардың әкесі тұрған фургонның жанынан табылғанын жазды. Көлік Вашингтон штатының ең ірі қаласы – Сиэтлден шамамен үш сағаттық жерде анықталған.
«Құқық қорғау органдары қазір күдікті – Трэвис Деккерді іздестіріп жатыр. Оған бірінші дәрежелі үш адам өлтіру және бірінші дәрежелі адам ұрлау баптары бойынша айып тағылып отыр», – делінген полицияның ресми мәлімдемесінде.
Тергеу мәліметінше, Деккер – қоғамға аса қауіпті тұлға. Ол АҚШ Қарулы күштерінде әскери қызмет атқарған және тамаша физикалық дайындығы бар, бұл құқық қорғаушылар үшін оны ұстау ісін қиындатып отыр.
Күдіктінің бұрынғы әйелі билікке берген мәлімдемесінде Трэвис Деккердің психикалық дертке шалдыққанын, соңғы уақытта қажетті дәрі-дәрмекті ішуді және терапияны тоқтатқанын айтқан. Оның айтуынша, бұл жағдай қайғылы оқиғаның туындауына себеп болуы мүмкін.