Алматыда көлік ұрылары ұсталды, - деп хабарлайды turkystan.kz.
Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Hyundai автокөлігін ұрлап кетті деген күдікпен екі ер адамды ұстады.
Қылмыс тұрғын үй ауласындағы автотұрақта жасалған. Көлікті ұрлағаннан кейін қаскөйлер бірден көлікке жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін орнатып, оны Алматы облысына алып кетіп, жеке үйлердің бірінде жасырған. Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер ыңғайлы сәтті күтіп, көлікті сатуды жоспарлаған.
Күдіктілердің біреуі бұрын сотты болған. Қазіргі уақытта ұсталғандарға қатысты қылмыстық іс қозғалып, олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
- Автокөлік ұрыларының қолға түсуі – кәсіби мамандар іске кіріскенде уақыт мәселесі ғана. Бұл істе жедел ақпарат жиналып, талданды, нақты мекенжайлар бойынша тексерулер жүргізілді. Қылмыс ашылды, көлік тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Біз азаматтардың жеке мүлкіне қарсы кез келген қылмыстық әрекетті қатаң түрде тоқтатуды жалғастырамыз, – деді, Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Аxанов.