Қызылордадағы балабақшада 1,5 жастағы қыз бала ыстық суға қатты күйіп қалған

/
Қызылордадағы балабақшада 1,5 жастағы қыз бала ыстық суға қатты күйіп қалған
istockphoto.com

Қызылордадағы балабақшалардың бірінде қайғылы жағдай орын алды. 1,5 жастағы қыз бала қызметкерлердің абайсыздығынан күйіп қалған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 22 мамырда облыс орталығындағы жеке меншік балабақшада болған.

 "22 мамыр күні балабақша тәрбиеленушісі дәретханаға барған кезінде киімін былғап алған. Тәрбиешінің көмекшісі оны жуындыруға тырысып, абайсызда ыстық су кранын ашып қойған. Нәтижесінде балақай күйіп қалды. Біз болған жағдай үшін ата-аналардан кешірім сұраймыз. Біз үнемі балақайдың жағдайын емдеуші дәрігерден біліп отырамыз, күн сайын балаға не қажет екенін сұрап, мүмкіндігінше отбасыға көмек көрсетіп жатырмыз. Балабақша бастамасымен екі қызметкер жұмыстан босатылды. Біз баланың толық жазылып кеткенше емделуіне қатысты барлық шығындарды өз мойнымызға аламыз. Жағдай біздің бақылауымызда", – деді балабақша меңгерушісі Ақжан Абдуллаева.

Облыстық көпсалалы балалар ауруханасында баланың жансақтау бөлімінен травматология бөліміне ауыстырылғанын растады. Дәрігерлер жағдайын ауыр деп бағалап отыр.

"Қыз бала термиялық күйіктер алған – қолы, іш жағы, арқа, саны мен сол жақ аяғы зақымданған. Терінің шамамен 20 пайызы күйген. Дәрігерлер баланың сауығып кетуі үшін бар күшін салып жатыр. Қалпына келу әдетте шамамен 20 күнге созылады", – деді балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сәбит Тұрсынбекұлы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары