Қаржылық мониторинг агенттігі Павлодар облысында вейптердің, хош иістендіргіш пен оларға арналған сұйықтықтардың заңсыз айналымымен айналысқан қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Олар вейптерді Telegram мессенджеріндегі онлайн-дүкендер арқылы сатқан. Ал өнімді курьерлік қызмет арқылы жеткізілген.
Күдіктілер қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру үшін дропперлердің, яғни жалған тұлғалардың атына рәсімделген банк карталарын пайдаланған. Осы карталар арқылы ірі көлемдегі қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, олардың заңсыз шығу тегі жасырылған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында тауар сақтайтын қоймалар мен сату орындары анықталды.
Құны 1,6 млрд теңгеден асатын 155 мыңнан астам вейп пен олардың бөлшектері тәркіленді.
Мүлікті тәркілеу мақсатында жалпы құны 37 миллион теңге болатын үш автокөлікке (Chevrolet Camaro, Toyota Land Cruiser және Toyota Highlander) тыйым салынды.
Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы қамауға алынды.