«Сен мені тазартып алдың»: Роза Мұқанова марқұм жарымен өткізген сәттерінен сыр шертті

/
«Сен мені тазартып алдың»: Роза Мұқанова марқұм жарымен өткізген сәттерінен сыр шертті
Роза Мұқанованың парақшасынан

Жақында жазушы, драматург Әкім Тарази 92 жасында дүние салған еді. Артында қалған жұбайы Роза Мұқанова марқұм жарын еске алып, бірге өткізген сәттерінен сыр шертті, деп жазады turkystan.kz.

«Сізбен сұхбат құру да, сырласу да, бірге ғұмыр кешу де – маған Алланың берген ерекше сыйы еді. Өткен шақта сөйлеу өте қиын. Қатты ағынмен  ұшып келе жатып, көзің байланып жартасқа соғылғандай жаралы сезім. Әуелгіде ет қызумен соғылып қалғаныңды жасырғандай, ұялғандай, өзгеге білдіртпей өзіңді өзің алдаусыратқандай абайлап, абдырап күй кешу… Дәл сондай көңіл…  Қазір де екеуара әңгімемізге көз жүгіртіп отырмын. Оқыған сайын дауысыңды ап-анық естіп отырамын. Бұл дауысты тек мен ғана естимін», - деп жазады Роза Мұқанова.

Содан кейін екеуара өрбіген диалогты жариялаған:

Әкім Тарази: - Сен мені досың ретіңде сақтай алдың, бағалай алдың. Ұят болса да айтайын, сен мені тазартып алдың, алтынды,күмісті тазартқандай.

Роза Мұқанова: -Дос бола ма?..

Әкім Тарази: - Достық  деген рухани орта. Ол ортада сені жақсы көретіндер де, жек көретіндер де болады. Рухани ортада тек таза, талантты адамдар ғана болмайды. Әр түрлі адам болады. Біреу  таланттың жанында жүргенді мақтан етеді, біреуі жамандық жасау үшін де бірге  жүреді. Мен сатқындық деген сөзді айтқым келмейді. Сатқындық – талантты адамға қиындық әкеледі.  Таланттардың тағдыры үнемі қыл үстінде тұратыны сондықтан.  Өйткені сатқын – таланттың жанында жүреді.

Роза Мұқанова: - Жақсы адамсың!

Әкім Тарази: - Солай ма… жаным-ау! Жақсы адам санатында болсам, ол менің шығармаларымның бағалануы. Солай болар…

Роза Мұқанова: - Көкө,  біреу есікке қоңырау шалды,  мен есік ашайын.

Әкім Тарази: - Мынауың драматургияның деталі -  ситуация өзгерді, басқа бір кейіпкер араласты…

Біздің  ғұмыр осындай еді...

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары