1 маусым – дүниежүзінде Халықаралық балаларды қорғау күні ретінде атап өтіледі. Жаздың алғашқы мерекесіне орай елордада «Астана балалары» атты жалпы тақырыппен әртүрлі форматтағы ондаған іс-шара өткізіледі. Қала тұрғындары мен қонақтарына арнап фестивальдер, байқаулар, челлендждер, концерттер, қойылымдар және басқа да қызықты бағдарламалар ұйымдастырылады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
30 мамыр күні сағат 11:00-де «Үміт» дағдарыс орталығында «Балалық шақ – балдәурен» атты концерттік бағдарлама өтеді. Сағат 15:00-де «Көктал» паркінде Балаларды қорғау күніне арналған отбасылық спорттық мереке ұйымдастырылады. Сарыарқа ауданының тұрғындары үшін «Әке, ана және мен – спорттық отбасы» атты көңілді старттар өтеді.
Сол күні Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның симфониялық оркестрі «Өнерлі ұрпақ» музыкалық бағдарламасын ұсынады. Іс-шара сағат 12:00-де және 15:00-де Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өтеді, оған жас классикалық орындаушылар қатысады.
31 мамыр күні сағат 12:00-де «Тарлан» мұз аренасында балаларға арналған көңілді мұз үсті ойындары өтеді. 31 мамыр мен 1 маусым күндері «Жетісу» паркінде «БөпеFair» отбасылық танымдық-ойын-сауық фестивалі өтеді. Бұл шара отбасылық демалысты ұйымдастыруға, бірлескен шығармашылықты дамытуға және отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Қонақтарға арнайы тақырыптағы ойындар, шеберлік сабақтары және бүкіл отбасыға арналған интерактивті аймақтар ұйымдастырылады.
1 маусым күні қаланың білім беру ұйымдарында жазғы лагерьлер жұмысын бастайды. Сол күні «Abu Dhabi Plaza» сауда-ойын-сауық орталығында балаларға арналған анимациялық мерекелік бағдарлама өтеді. Бағдарламада – крафт ойындары, мүсіндеу, ашықхат жасау, қуыршақ театры, аквагрим, өзгерістер және Life Band музыкалық тобы қатысатын жарқын флешмоб.
1 маусым күні сағат 10:00-де «Колизей» баскетбол алаңында (Мұңайтпасов көшесі жағынан орналасқан Студенттік паркте) «Толағай» атты Алматы ауданы балалары арасында көңілді старттар өтеді. Барлық аудан тұрғыны шақырылады.
Сондай-ақ 1 маусымда Нұра ауданында Балаларды қорғау күні аясында «Ұлттық құндылық – бала тәрбиесі» атты іс-шара өтеді. Бағдарлама Үркер тұрғын алабының үш локациясында өтеді: №69 орта мектептің сквері – сағат 10:30-да, «Дене шынықтыру-сауықтыру кешені» сквері – сағат 11:00-де, «Айғыржал» сквері – сағат 11:30-да.
1 маусым күні сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін Қалалық алаңда №2 Өнер мектебі оқушыларының «Өнерліміз бәріміз, бақыттымыз бәріміз» атты үлкен концерттік бағдарламасы және «Біз бақытты балдырған» атты көрме-концерт өтеді.
Сағат 10:00-ден 14:00-ке дейін елорданың Орталық паркінде Психологиялық қолдау орталығы қала тұрғындарына кеңес беру үшін арнайы аймақтар ұйымдастырады. 12:00-де филармонияның Камералық залында «Ұлт аспаптар әлеміне саяхат» атты интерактивті дәріс-концерт өтеді. Шараны «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблі орындайды.
Сағат 11:00-де М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Владимир Илюховтың «Как Настенька чуть кикиморой не стала» ертегісі қойылады. Бұл – достық, батылдық және отбасылық құндылықтар жайлы ертегі. Сол күні мектептерде, аула спорт алаңдарында, Жазушылар аллеясында оқушыларға арнап «Көңілді старттар» ұйымдастырылады.
14:00-ден 17:00-ге дейін Қалалық алаңда «Отбасы Time» отбасылық жобасының ашылуы өтеді. Жазғы маусымда елорда парктерінде отбасылық демалысқа бағытталған мәдени және танымдық шаралар жоспарланған. Өзекті ақпарат Астана қаласы Мәдениет басқармасының Instagram желісіндегі ресми @astana.madenie парақшасында жарияланады.
Сол күні елордада Балаларды қорғау күніне орай II Халықаралық клоундар фестивалі өтеді. Фестиваль аясында сағат 11:00-де Нұржол жележолында әртүрлі елдердің өнерпаздары қатысатын клоундар шеруі басталады (шеру «Бәйтерек» монументінен «Хан Шатыр» СОСО-ның қарсы бетінде орналасқан «Ғашықтар» паркіне дейін өтеді). Мерекелік шара 16:00-де Kazmedia Hall сахнасында ең жас елордалықтарға арналған қайырымдылық гала-концертпен аяқталады.