Қажылыққа аттанған адамды алмай кеткен ұшақ екі рет әуежайға қайтуға мәжбүр болды

/
Қажылыққа аттанған адамды алмай кеткен ұшақ екі рет әуежайға қайтуға мәжбүр болды
Фото: facebook.com/Masroor Shahen

Ливиядан Сауд Арабиясына қажылық сапарына аттанған жолаушылар мінген ұшақ әуеде техникалық ақау болғандықтан, екі рет шұғыл қонуға мәжбүр болды. Бортқа қажы Амер әл-Махди Мансур әл-Қаддафиді алғаннан кейін ғана сапарын жалғастырды, деп хабарлайды turkystan.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

The News агенттігінің хабарлауынша, Қаддафи — Ливиядан шыққан жас жігіт. Ислам дінінің бесінші парызы болып саналатын қажылық сапарын өтеу ниетімен үйінен шыққан. Алайда әуежайда тосын кедергі кездесті. Шекаралық бақылау кезінде оны қауіпсіздікке қатысты тоқтатты. Бұл кідіріс оның "әл-Қаддафи" деген тегіне байланысты болған. Ливиядағы азаматтық қақтығыстан он жылдан астам уақыт өтсе де, бұл есім кейбір жүйелерде әлі де күдік тудырады.

Оның жолдастары ұшаққа отырып үлгергенде, Қаддафи шекаралық бақылау бекетінде ұсталып тұрған еді. Ол қанша жалынса да, ұшақ капитаны қауіпсіздікке қатысты белгісіздік пен уақыт тығыздығын алға тартып, онсыз ұшып кетуді жөн көрген.

Алайда Қаддафидің сенімі нық болды.

Мен бұл әуежайдан қажылыққа аттанбайынша кетпеймін, – деді ол әуежай қызметкерлеріне.

Ұшақ көкке көтерілгеннен кейін көп ұзамай техникалық ақау пайда болып, шұғыл кері қайтуға мәжбүр болды. Қысқа кідіріс пен жөндеуден соң қайта ұшқанымен, тағы да техникалық ақау орын алып, екінші рет шұғыл қонды.

Жолаушылар мен экипаждың айтуынша, дәл осы екінші төтенше қонудан кейін ұшақ капитаны:

Құдай атымен ант етемін, егер Амер бізбен бірге бұл ұшақта болмаса, мен ұшпаймын, – деп жариялаған.

Бұдан кейін билік Қаддафиге тез арада ұшуға рұқсат берді. Амер бортқа отырғаннан кейін ұшақ еш кедергісіз ұшты.

Кейін жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында Қаддафи:

Мен тек қажылыққа барғым келді. Егер ол маңдайыма жазылған болса, ешбір күш мені тоқтата алмайтынына сендім, – деді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары