Мәжіліске Германия Парламенті жоғары палатасының басшысы келді

/
Мәжіліске Германия Парламенті жоғары палатасының басшысы келді
Мәжілістің Баспасөз қызметі

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Астанаға ресми сапармен келген Германия Бундесратының Президенті Анке Релингермен кездесті.

Мәжіліс спикері Бундесрат төрағасының сапары мазмұнды өтіп жатқанын айтты. Бұған дейін Анке Релингерді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады, сондай-ақ ол Премьер-Министр Олжас Бектеновпен және Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевпен келіссөздер жүргізді.

Ерлан Қошанов Қазақстан Германияны Еуропадағы негізгі стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.

– Екі ел арасындағы саяси диалог өзара түсіністік пен сенім рухында дамып келеді. Соңғы жылдары жоғары деңгейде сапар алмасу өте белсенді жүргізіліп жатыр. Ол – 2023 жылғы маусым айында Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің Қазақстанға жасаған сапары, 2023 жылғы қыркүйек айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға жасаған сапары, сондай-ақ Германия Федералды Канцлері Олаф Шольцтың сапары мен соның аясында өткен «Орталық Азия – Германия» форматындағы екінші саммиі, – деді Мәжіліс спикері.

Мәжіліс төрағасы парламентаралық байланыс саяси диалогтың маңызды бөлшегіне айналғанына назар аударды. Ол Анке Релингердің сапары парламенттік ықпалдастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.

Сонымен қатар Мәжіліс спикері германиялық әріптестеріне Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы аясында жүргізіліп жатқан Қазақстандағы ауқымды реформалар туралы мәлімет берді. Әсіресе, көппартиялы Мәжілістің жұмысына, әлеуметтік әділдікті, заң үстемдігі мен тәртіпті ілгерілетуге, сондай-ақ экономиканы дамытуға бағытталған заңдарға ерекше көңіл бөлді.

Өз кезегінде Бундесрат Президенті Қазақстандағысаяси өзгерістер мен экономикалық жетістіктерді қолдады. Геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстан Германияның сенімді серіктесі болып отырғанына назар аударды. Сондай-ақ климаттың өзгеруімен күрес, экономикалық ынтымақтастық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту сияқты бағыттарда серіктестікті тереңдетуге Германия тарапынан қызығушылық бар екенін білдірді.

Тараптар ауыл шаруашылығы, логистика, өнеркәсіп және жаңа технологиялар салаларында ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктерін де талқылады.

Депутаттар жаңа жобаларды заңнамалық тұрғыдан қолдауға дайын екендіктерін айтты.

Кездесу барысында Парламентаралық одақ, ЕҚЫҰ және Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеялары сияқты халықаралық парламенттік ұйымдар аясындағы өзара іс-әрекет мәселелері де қозғалды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары