Щучинсктегі спорт мектебінде балалар жаппай уланды

/
Щучинсктегі спорт мектебінде балалар жаппай уланды
istockphoto.com

Ақмола облысының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Сауле Сәдуақасованың мәліметінше, медициналық көмекке 18 бала жүгінген, деп жазады turkystan.kz.

Бурабай ауданында орналасқан Уәлиев атындағы «Жақсы №2» спорт мектебінің базасында болған балалар арасында бактериялық ішек инфекциясы тіркелген.

«Оқиғаға байланысты департамент аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен бірлесіп, індетке қарсы және профилактикалық шараларды ұйымдастырды. Эпидемиологиялық тексеру, сондай-ақ қолданыстағы заңнама аясында кешенді тексеру жұмыстары жүргізілуде», – деп мәлімдеді Ақмола облысының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.

Аталған факті бойынша ішкі істер органдары ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабының 1-бөлігі – «Санитариялық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі алты баланың «АВИЦЕННА-Бурабай» клиникасында, тағы төртеуінің балалардың жұқпалы аурулар бөлімшесінде ем қабылдап жатқанын хабарлады.

«Жағдайлары қанағаттанарлыққа жақын. Қажетті тексерулерден өтіп, толық көлемде ем қабылдап жатыр. Жақын арада балаларды ата-аналары алып кетуі тиіс», – деді олар.

Сонымен қатар, оқиғаның себептері, тергеу нәтижелері және қабылданып жатқан шаралар туралы қосымша ақпарат тергеу шаралары аяқталғаннан кейін ұсынылады.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары