Бүгін марқұм Шерзат Полаттың өліміне қатысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Сот отырысында марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың алған жарақаттарына қатысты сараптама қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оларды сот отырысында сот-медициналық сарапшы Өмірбек Жолымбетов мәлім етті.
— Сот-медициналық сараптама кезінде жарақаттардың өлшемі 1,0 және 0,1 см, 0,8 және 0,1 см, 1,2 және 0,1 см болды. Аталған жаралар медициналық жолмен өңделген. Мен Ғайыпбаевты оқиғадан жеті күн өткен соң тексердім. Сондықтан ұсынылған медициналық құжаттарда жарақаттың нақты тереңдігін көрсететін деректер болмады, — деді ол.
Сондай-ақ сарапшының айтуынша, Нұрқанаттың сол жақ қабағы, құлағы қанталаған, желке және жамбас тұсында жарақат болған. Жабық бас ми жарақаты, ми шайқалуы, кеуде тұсының жабық жарақаты, оң жақ бөксесінде бірнеше шаншыла-кесілген жара, сондай-ақ бет, маңдай, шынтақ пен тізе аймағындағы көгерулер болған. Дененің зақым алған аймағында ірі қан тамырлары жоқ. Осыған орай олар жеңіл дене жарақаттары ретінде бағаланған.