Қазақстан Ұлттық банкі телефон алаяқтығына қарсы күрес аясында жаңа шара ұсынды — банктерге күдікті аударымдарды 24 сағатқа дейін бұғаттау құқығы берілмек, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл – азаматтарды алаяқтардың психологиялық ықпалынан қорғауға және олардың қаражатын сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Егер клиент ескертулерге қарамастан ақша аударуға тырысса, банк операцияны уақытша тоқтатып, клиентті туысымен бірге бөлімшеге шақыра алады. Бұл адамның қаражатты саналы түрде, алаяқтардың қысымынсыз жіберуге шешім қабылдағанына көз жеткізуге мүмкіндік береді.
— Егер адам күшті психологиялық ықпалға ұшырап, барлық ескертулерге қарамастан алаяқтарға ақша аударуға әрекеттенсе, банк аударымды бұғаттап, клиентті туысымен бірге бөлімшеге шақыра алады. Туысы оның әрекетінің саналы түрде қабылданғанын растайды. Бұл шара азаматтарды алаяқтардың ықпалымен қабылданған асығыс шешімдерден қорғауға және кейін жәбірленуші есін жиып, банкке ақша қайтарып беруді талап ететін жағдайлардың алдын алуға бағытталған, — деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов.