Қарағанды қаласының аумағы кеңейтіледі

/
Қарағанды қаласының аумағы кеңейтіледі
istockphoto.com

Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары Қарағанды қаласының бас жоспары жобасын мақұлдады. Қазір оны түзету жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлады turkystan.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Қолданыстағы Қарағанды қаласының бас жоспары 2007 жылдан бері өзгертілмеген. Заңнамаға сәйкес, бұл жоба қала құрылысы сараптамасынан, сондай-ақ барлық жергілікті талқылау және келісу кезеңдерінен өтті. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXVI сессиясында депутаттар бұл жобаны мақұлдады. Енді құжат келісу мен түпкілікті шешім қабылдау үшін Үкіметке жолданады.

Қала әкімі Мейрам Қожықов атап өткендей, бас жоспар жобасында Қарағандыны 2040 жылға дейін дамыту көзделген. Жаңа құжатта аумақты ұйымдастыру, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым, көлік пен экологиялық шешімдердің негізгі қағидаттары көрсетілген.

«Жобада қала аумағы 50 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Бұл ұлғаю Көкпекті ауылын және «Сарыарқа» әуежайын қосу арқылы жүргізілмек. 2040 жылға қарай қала халқының саны 614 мың адамға жетеді деп болжанған. Қаланың болашақта дамуы үшін солтүстік-шығыс бағыт − Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдық аудандары арасындағы «Голубые пруды» ауданы таңдалды. Мұнда 150 гектардан астам аумақта 25-30 мың адамға арналған, жалпы көлемі 800 мың шаршы метрге жететін тұрғын үйлер салынады және мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау мекемелері мен спорттық-әлеуметтік орталықтар орналаспақ. Сондай-ақ бұл кешен Триатлон паркі мен «Қарат» ипподромы бар ортақ кеңістікке айналады», − деді Мейрам Қожықов.

Қала әкімі негізгі шешімдерге де тоқталды. Жоспарланған жаңа магистраль Оңтүстік-Шығыс, Майқұдық және Пришахтинскіні біріктіріп, Алматы-Астана автожолына жол ашады.

Велосипедшілер де ұмыт қалмаған: 2040 жылға дейін кемінде 300 шақырым велосипед жолы салынуы керек.

Орталық өнеркәсіптік аймақты қайта жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінген – бұл аймақ сауда-кеңсе ауданы болып жаңғыртылады.

Жаңа аудандардың тұрақты электрмен қамтылуы үшін қосалқы станциялар құрылысы мен қайта жаңғыртылуы жоспарланған. Сонымен бірге, қаланы кешенді газдандыру аясында барлық жаңа тұрғын аудандарды табиғи газ жүйесіне қосу көзделіп отыр. Бас жоспарға жаңа ЖЭО-4 (жылу электр орталығы) құрылысы да енген.

Әлеуметтік инфрақұрылым бойынша 2040 жылға дейін 36 жаңа мектеп, 44 балабақша, 10 денсаулық сақтау нысаны және 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу қажет.

Қаланы көгалдандыру да жалғасады – жаңа саябақтар мен скверлер пайда болады.

Облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Көбжанов атап өткендей, қала құрылысы құжатын талқылау барысында депутаттар 50-ден астам ұсыныс берген және олардың барлығы ескерілген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары