Неліктен есейген сайын уақыт зымырап өтеді? – жаңа зерттеу түсіндіреді

/
Неліктен есейген сайын уақыт зымырап өтеді? – жаңа зерттеу түсіндіреді
cурет: istockphoto.com

Адамдардың көбі жасы ұлғайған сайын уақыт тез өтетінін байқайды. Бірақ бұл сезімнің түпкі себебі неде? Personality and Social Psychology Bulletin журналында жарияланған жаңа зерттеу адамның өмір кезеңдерін неге "зымырап өткендей" қабылдайтынына нақтырақ жауап береді.

Төрт бірдей зерттеуді қамтыған бұл ғылыми жұмысқа шамамен 2 500 адам қатысқан. Нәтижесінде, уақыттың тез өткенін сезіну көбіне күнделікті өмірдің бірсарынды болуымен емес, жеке дамумен, өмірге қанағаттанушылықпен және ностальгиямен тығыз байланысты екені анықталды.

Зерттеушілер әртүрлі жастағы және түрлі мәдениет өкілдерінен өткен жыл, университеттегі бір семестр немесе жаз мезгілі секілді кезеңдерді еске түсіруін сұрады. Олар қатысушылардың сол уақыт аралығында қаншалықты дамығанын сезінгенін, ерекше есте қалған оқиғалардың санын, қаншалықты рутиналы немесе алуан түрлі болғанын, сондай-ақ жалпы сол кезеңге деген ностальгия мен қанағат деңгейін бағалады.

Дәстүрлі түрде уақыттың «қысқарып кетуін» түсіндіретін routine-compression теориясы жиі айтылатын. Бұл теория бойынша, адам өмірінде жаңалық азайып, күндер бір-біріне ұқсай берсе, есте сақталатын ерекше сәттер де аз болады. Сол себепті, артқа қарағанда ол уақыт бос, мазмұнсыз болып көрінеді.

Алайда жаңа зерттеу бұл көзқарасты толықтырды. Ғалымдар адамның уақытты қалай өткені емес, сол кезеңді қалай сезінгені маңызды екенін айтады. Егер адам өткен кезеңді дамумен, маңызды тәжірибелермен және жағымды естеліктермен байланыстырса, ол уақыт тез, бірақ «толық» өтті деп қабылданады.

Бұл зерттеу нәтижесі уақытқа деген субъективті көзқарас өмір сапасына, өмір мәнін сезінуге және болашаққа жоспар құруға әсер ететінін көрсетеді. Демек, уақыттың қалай өтетіні тек күнтізбеге емес, ішкі күйімізге де байланысты.
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары