«Атқа байлап, сүйреді»: Жетісуда қаза тапқан келіншектің өліміне қатысты тергеу аяқталды

/
«Атқа байлап, сүйреді»: Жетісуда қаза тапқан келіншектің өліміне қатысты тергеу аяқталды
istockphoto.com

Жетісу облысының полициясы күйеуінен таяқ жеген 32 жастағы әйелдің өліміне қатысты істі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы оқиға 22 маусым күні Ақсу ауданында болған. Марқұм Айзаттың туыстарының айтуынша, ерлі-зайыптылар арасында жанжал туып, соның салдарынан ер адам әйелін бірнеше сағат бойы аяусыз ұрып-соққан. Олардың сөзінше, Айзатты екі жасар қызының көзінше ерекше қатыгездікпен ұрған.

Сот-медициналық сараптама ауыр жарақаттарды анықтады: жабық бас-ми жарақаты, ми ісінуі, бас сүйегінің негізі, аяқ-қол және жамбас сүйектерінің сынуы, сондай-ақ денені дөңес жермен сүйреткен іздер табылған. Туыстары әйелді арқанмен байлап, далада сүйрегенін мәлімдеді.

Айзатты 22 маусым күні Талдықорған қалалық ауруханасына жеткізген, алайда жарты сағаттан соң оның қайтыс болғаны анықталған. Дегенмен, отбасы мүшелері әйел ауруханаға жеткізілгенге дейін қайтыс болған, ал зорлық белгілерін жасыруға тырысқан, яғни денесін жуып, киімін ауыстырған деп есептейді.

Әйелдің күйеуі болса, оның «селфи жасап жатып терезеден құлап кеткенін» айтқан. Алайда туыстары бұл нұсқамен келіспейді және Айзат азапталған, кейін қылмысты жасыруға әрекет жасалған деп сенеді.

Жетісу облысының полициясы сол кезде күдіктінің ұсталғанын және оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы, 3-бөлігі — «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Полицияның мәліметінше, Жетісу облысы тұрғынының өліміне байланысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды.

«Қылмыстық істің материалдары айыптау актісімен бірге прокуратураға жолданды, кейін іс сотқа жіберіледі. Күдікті сот процесі аяқталғанға дейін уақытша ұстау изоляторында қамауда қалады», – деп хабарлады Жетісу облыстық полиция департаменті.

Айта кетейік, істің тергелу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында болған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары