Төрт адам қол-аяғы жоқ ер адамды он жыл бойы қайыр сұратып, ақшасын тартып алып отырған

/
Төрт адам қол-аяғы жоқ ер адамды он жыл бойы қайыр сұратып, ақшасын тартып алып отырған
pixabay.com

Қол-аяғы жоқ мүгедек ер адамды он жылға жуық уақыт бойы қайыр сұрауға мәжбүрлеп, тапқан ақшасын тартып алып отырған төрт адамнан тұратын қылмыстық топтың мүшелеріне үкім шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Топ басшысы 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның үш сыбайласы — басты айыпталушының жиені, оның күйеуі және олардың танысы — әрқайсысы 12 жылдан жаза арқалады.

Олар 2015 жылдан бастап ер адамды күн сайын қала орталығына алып шығып, қайыр сұратқан. Бұл кезде оның әйелі оған қозғалуға көмектесіп отырған. Күніне олар 20-40 мың теңге аралығында ақша жинаған, бірақ бұл қаражаттың бәрін «қожайындар» тартып алып отырған.

2020 жылы ерлі-зайыптылардың қызы дүниеге келген. Қылмыстық топтың басшысының бұйрығымен бала оның әпкесінің тәрбиесіне берілген. Ата-анасына қызын тек рұқсатпен ғана көруге рұқсат етілген. Одан бөлек, олардың қолынан туу туралы куәлік алынып, ата-ана құқығынан айырамыз деп қорқытқан.

Топ басшысы 2023 жылы қамауға алынғаннан кейін де СИЗО-дан телефон арқылы топты басқаруын жалғастырған. Оның сыбайластары ер адамды бұрынғыдай көшеге шығарып, жиналған ақшаны өз қажеттеріне, соның ішінде автонесиені төлеуге жұмсаған.

Сот жәбірленуші әйелге моральдық зиян үшін сегіз миллион теңге өтемақы төлеу туралы шешім шығарды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары