Бүгін 16 жасында марқұм болған Шеразат Полатты өліміне қатысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Сол сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Мейрман Шекеев сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаровты шақыру туралы өтініш берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушылар сотта бастапқы сот-медициналық сараптаманы жүргізген сарапшыны жауапқа тартқан болатын. Оның сөзінен кейін адвокат Шекеев қосымша сарапшыны тарту туралы өтініш білдірді.
«Біз сондай-ақ қосымша сараптама жүргізген Халимназаровты шақыру туралы өтініш бердік. Оның сотқа келуін қамтамасыз еттік. Мемлекеттік сарапшының қорытындысынан кейін оның да тұжырымдарын тыңдағымыз келеді», – деді адвокат.
Сот қорғау тарабының өтінішін қанағаттандырды.