Такси нарығы: Бәрі бәсекеге келіп тіреледі

/
Такси нарығы: Бәрі бәсекеге келіп тіреледі
сурет: istockphoto.com

Жауын жауса, дауыл соқса аспандап кететін такси бағасы көптен бері талқы мен сынның басты тақырыбына айналды. Осыған байланысты жақында Бәскелестікті қорғау және дамыту агенттігі нарықтағы ең ірі ойыншының қызметіне аудит те жүргізген болатын. Оған қоса, ресми деректер таксиге деген сұраныстың да еселенгенін айтады. Ұлттық статистика агенттігінің дерегі бойынша, былтыр қала ішіндегі такси қызметінің табысы 50 пайызға өсіп, жолаушылар саны 25 пайызға артқан. Дегенмен саладағы бәсекенің әл­сіз­дігі, басқа да жанама факторлар на­рық­тың дамуына, қолайлылығына кері әсер етіп отыр. 

Жауында жаяу қалдырады 

Еліміздегі такси тарифі әдетте ал­ғаш­қы шақыру ақысы, сонымен қатар уа­қыт пен километрге шаққандағы ақы не­гізінде есептеледі. Агрегатор плат­фор­малардың өзіндік тариф форму­ла­сы бар: көлік шақыру ақысын, нақты уа­­­­қыттағы тарифті (мысалы, эвакуатор күтуі кезіндегі уақыт үшін төленетін ақы) және жүрілген километр бойынша ақы­ны ескереді. Сонымен қатар кейбір қо­сымшаларда (мысалы, inDrive) жо­лау­шы немесе жүргізуші өзі жолақша ба­ғасын ұсына алады, алайда ол кезде де нәтиже тапсырыс сұранысына бай­ла­нысты қалыптасады. Төмен баға ұсын­ған жолаушыға ешкім келмей қалуы мүмкін, ал жүргізушілер тым тө­мен жолақша ұсынылса тапсырыс қабылдамайды. 
Осылайша, нарықтағы баға құны сұранысқа және ұсынысқа байланысты өзгеріп отырады. Баға төтенше жа­ғ­дай­лар, ауа райы нашарлаған кезде немесе ме­реке күндері бірнеше есе жоға­ры­лай­ды. Бұған халықтың да шағымы көп. Осы­ған жол бермеу мақсатында 2022-2023 жылдары Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Yandex Go-ның та­риф жүйесін тексеріп, жоғары сұра­ныс кезінде жолаушыларға арналған та­рифті бастапқыдан үш есе артық кө­теруге тыйым салған болатын. Себебі бұ­рын кейбір жағдайларда тариф бес есе немесе одан да көп өскен еді. Соны­мен қатар Yandex-ке 3 млрд теңге көле­мін­де арнайы қорға аударым жасау мін­деттеліп, нарықты реттеу шаралары қол­ға алынды. 
Биылғы сәуірде БҚДА Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнер­кәсібі министрлігімен бір­лесіп, сала­ның құзыретті мамандарын тарта отырып, «Ян­декс Такси» ком­па­ния­­сының алго­ритм­дік баға қалыптас­тыру тиімділігіне тағы ау­дит жүргізге­нін мәлімдеді. Аудиттің бас­тапқы қо­ры­тындылары бойынша баға бел­гілеу жүйесінде бірқатар олқылық анық­тал­ған. Олардың кейбірі реттелген, ал қал­­ғанын түзетуге «Яндекс» мін­дет­те­ле­т­ін болады. Агенттіктің хабарламасы не­гі­зінде пайдаланушыларға арналған адал­дық бағдарламасының ережелері («Ян­декс+» бағдарламасы) өзгерген. «Яндекстің» қолданыстағы комплаенс ере­желеріне өз­герістер енгізілген, олар компанияны та­лап­тарды орындауға мін­деттейді.

Кейінгі жылдары  инфляция мен жа­нар­май бағасының өсуі такси тарифіне де әсер еткені анық. Ұлттық статистика бю­ро­­­сының дерегіне сәйкес, 2024 жылғы нау­рызда такси қызметтерінің бағасы өт­кен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ғанда 12,3 пайызға өскен. Мұнда көлік сек­торындағы тұтынушылық тарифтің жал­пы 13,2 пайызға өсуі де әсер етті. Соны­мен бірге сол кезеңде дизель отыны 15,1 пайызға, бензин 13,6 пайызға қымбаттаған. Жанармай шығыны таксопарктер үшін ең басты шығынның бірі болғандықтан, оның өсуі тарифке тікелей әсер етеді. Ха­лық­аралық салыстыруларға қарайтын бол­сақ, Қазақстан такси құны бойынша «әлем­дік көшбасшылар» қатарында: Numbeo әуесқой рейтинг жүргізуші порта­лы­ның дерегі бойынша 2024 жылы елде ор­таша есеппен шақырымына шамамен 0,61 АҚШ доллары төленген, бұл ТМД елдері ішін­дегі ең жоғары көрсеткіш екені анық­талды. Мысалы, көрші Ресейде бір шақы­рым үшін 0,34$, Өзбекстан мен Арменияда 0,30$ шамасында тариф белгіленеді.
Жолаушылардың басты талабы – қол­же­тім­ділік, сапа және қауіпсіздік. Қазір смартфон арқылы жақын тұрған таксиді табу бірнеше минутты ғана алады және жол жүру құны алдын ала көрсетіледі. Баға мә­селесіне тоқталдық. Сапа жағынан, агре­гаторлар жүргізушілердің рейтингін және жо­лаушылар пікірлерін басшылыққа ала­ды. Әрбір сапардан кейін жолаушы жүр­гізушіге баға қоя алады, бұл жүргізушілерді жақсы қызмет көрсетуге ынталандырады. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін қолма-қол ақшасыз төлем, жолаушы мен жүр­гізу­шінің байланыс нөмірін бір-біріне жасыру, маршрутты бақылай алу сияқты көптеген цифрлық функция енгізілген. 

Бәсеке бәрін реттейді

Еліміздегі такси нарығында ең ірі ойын­шы – ресейлік Yandex Go сер­ви­сі. Әдетте ірі қалалардағы такси тапсы­рыс­тарының шамамен 80 пайызын Yandex Go орындайды. Forbes.kz Yandex.Taxі моно­по­лия деп айтуға болатынын, оның комиссия мөл­шері сапар құнының 15-18 пайызы еке­нін атап көрсетеді. Yandex Go сапар сайын осы комиссиясымен ғана жылына 200 млн доллардан астам табыс табады де­лінген. Нарықтағы жоғары үлес қым­батшылық пен қызмет көрсету сапасының төмен болуына да әсер етіп отыр. Яғни, так­си нарығын жеке-дара билеп-төстеп отыр десек те, артық емес.
Осыған байланысты бәсекені күшейту үшін жаңа агрегатор құру немесе мо­но­полияны реттеу туралы ұсыныстар жиі ай­тылады. inDrive (бұрынғы inDriver) – екін­ші ірі ойыншы. Бұл платформада жо­лаушы мен жүргізуші бағаны алдын ала ке­ліседі, сондықтан тариф реті пайда­лану­шыларға қарапайым әрі ашық болып келе­ді. Жүргізуші мен жолаушы өздеріне тиімді жолақшаны белгілесе, орындалған тап­сы­рыс үшін агрегатор айтарлықтай төмен ко­миссия алады. Дегенмен қауіпсіздік жә­не қызмет көрсету мәселелері бойынша атал­ған сервис ең үлкен ойыншыдан әлде­қайда артта саналады. 
Ал Region сервисі үштікті түйіндейді. Region – қазақстандық агрегатор, ол ша­ғын операторларды біріктіріп, нарық үле­­сін кеңейтуге талпынып келеді. Басқа сер­верлік қосымшалар арасында Қазақ­стан­да жұмысы бар бірнеше қызмет бар: «Апару», «Везёт», «Allo.Taxi», Maxim, Sooncar, Econom және т.б. Алайда олардың нарық­тағы үлесі мардымсыз: кейбірі тек бірді-екі­лі қалаларда жұмыс істейді немесе қо­сым­­шаны қолданушылардың да саны аз. Жер­гілікті қосымшалар өз ерекшелігімен (мы­салы, жергілікті тілдегі интерфейс, тө­мен деңгейдегі тарифтер немесе арнайы нау­қандар) жолаушыларды тартып бақса да, ауқымы бойынша Yandex пен inDrive се­кілді алпауыттарға ілесе алмай отыр. 2021 жылы қытайлық DiDi компаниясы да Қа­зақстан нарығына кірмек болып, өз сер­висін іске қосқанымен, 2022 жылы бел­гісіз себептермен қызметін тоқтатты. На­рық­та мықты бәсекелестік болмаса, жағ­дай өзгермейтінін сарапшылар да айтып, жазып жүр.

«Үкіметтің ерекше бақылауында»

Такси қызметін реттеу мәселесі бір­не­ше жыл бойы талқыланып ке­ле­ді. Мәжіліс депутаттары да талай ұсыныс ай­тып, біршама проблеманы ашып көр­сет­кен болатын. Биылғы ақпанда кезекті бір Үкіметке түскен сауалға жауап берген Пре­мьер-Министрдің бірінші орынбасары Ро­ман Скляр елімізде такси тасымалына қойылатын талап күшейетінін жеткізген бо­латын. Сондай-ақ такси нарығына енгі­зіл­гелі жатқан жаңа заңнамалық өзгерістер туралы баяндады. Оның айтуынша, басты мақсат – жолаушы қауіпсіздігін қамтама­сыз ету, жүргізушілердің заңды тәртіпке сай жұмыс істеуін қамтамасыз ету және қыз­метті цифрлық реттеуге көшу. Осы мақ­сатта қазір Мәжіліс «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне жолаушыларды автомобильмен тасы­мал­дау саласындағы кейбір мемлекеттік функ­цияларды міндетті мүшелікке негізделген өзін-өзі реттеуге беру туралы» заң жобасын қарап жатыр.
– Бұл заң жобасы такси саласындағы қауіп­сіздік мәселесін кешенді түрде шешу­ге бағытталған. Оның аясында өзін-өзі реттеу ұйымдарын құру көзделіп отыр. Бұл ұйымдар жүргізушілерді қадағалап, жалпы стандарттарды енгізу арқылы жолау­шы­лар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кө­мектеседі, – деді Роман Скляр.
Склярдың айтуынша, жаңа модель бойынша такси жүргізушілері цифрлық ве­рификациядан өтіп отырады. Яғни, әр­бір жүргізушінің жеке және кәсіби де­рек­тері – жүргізуші куәлігі, техникалық бай­қау­дан өтуі, сақтандыру полисі – арнайы ақ­параттық жүйелер арқылы расталып, ба­қылауда болады.
– Біз жүргізушілерді цифрлық вери­фи­ка­циялау жүйесін енгіземіз. Бұл жүйе так­си агрегаторларының платформалары мен Кө­лік министрлігінің интеллектуалды кө­лік жүйесін біріктіреді, – деді ол.
Бұл жүйе әр жүргізушінің мәртебесін анық­тап отыруға, заңсыз тасымалмен ай­на­лысып жүргендерді шеттетіп, тек сенімді жүргізушілерді нарықта қалдыруға мүм­кіндік береді.
Өзін-өзі реттеу ұйымдарының ақ­парат­тық жүйелері жүргізушілер жайлы мә­ліметтерді мемлекеттік органдардың дерекқорларымен біріктіруді де көздейді. Бұл – жол-көлік оқиғалары кезінде нақты жүр­гізушіні және қызмет көрсеткен плат­форманы анықтауға мүмкіндік береді.
– Біз жол апаты орын алған жағдайда тап­сырыс алынған агрегатор мен жүргізуші ту­ралы деректерді нақтылап отыру тетігін ен­гіземіз. Ол үшін мемлекеттік органдар мен ӨӨРҰ жүйелері интеграцияланады, – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Роман Скляр жол жүру құжаты – түбір­тек арқылы да жолаушы құқығын қорғау қарастырылып жатқанын айтты. Оның ай­туынша, болашақта әрбір түбіртекте та­­­сымалдаушы, жолаушы, жол жүру уақы­ты мен бағыты туралы толық ақпарат көр­се­тілетін болады.
Заң бұзғандарға жауапкершілік кү­шей­мек. Енді заңсыз қызмет көрсетіп жүрген так­си жүргізушілері немесе платформалар бірден бақылаушы мемлекеттік органдарға хабарланатын болады.
– ӨӨРҰ жүйелері жүргізушілердің бірың­ғай тізімін жүргізіп отырады. Ал заң бұзу анықталған жағдайда, бұл туралы ақ­парат автоматты түрде тиісті мемлекет­тік органға беріледі, – деді Скляр.
Жолаушы қауіпсіздігі мәселесі Үкі­мет­тің ерекше бақылауында екенін баса айт­қан Премьер-Министрдің орынбасары бұл реформалардың саладағы көлеңкелі эко­но­микамен күреске және азаматтардың се­німін арттыруға бағытталғанын айтты.
– Сіздердің ұсыныстарыңыз заң жо­басы шеңберінде қосымша пысықталып жа­тыр. Бұл саланың болашағы – ашықтық пен цифрлық бақылауда. Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты ба­сым­дықтардың бірі, – деді Роман Скляр.

Жүргізуші тапқанын толық алмайды

Такси бағасы шарықтап тұрғанымен, оның барлығы жүргізушілердің қалтасына түспейді. 
Елімізде көп жүргізуші жеке кәсіпкер не­месе өзін-өзі жұмыспен қамтыған аза­мат ретінде тіркеледі. Urban Forum қо­ры­ның зерттеуіне сәйкес, агрегаторларды пай­даланатын такси жүргізушілерінің ор­­таша кірісі айына 493 мың теңге ша­ма­сында екен. Шығын шамамен 51 пайызға дейін жеткен. Kursiv.kz зерттеуінше, жүргізу­шілер­дің таза орташа табысы – 251,4 мың теңге. Бұл реттен жүргізушілердің табы­сына әсер ететін басты фактор – агрега­тор­дың алатын комиссиясы мен автопарк­тің талаптары. Forbes.kz мәліметінше, Yandex Go сервисі әр сапардан 15–18 пайыз ко­миссия алады. inDrive және кейбір жер­гілікті қызметтерде комиссия азырақ, өйт­кені олар жолаушының ұсынысымен жұ­мыс істейді немесе жүргізушіге жеңі­л­дікті шарттар ұсынады. Сонымен қатар жүр­гізу­шілер кейде автокөлікті жалға алып жұмыс істейді. Көп шығын мен ко­миссия жүргізушінің нақты табысын ке­міте түседі. 
Еңбек жағдайына келер болсақ, так­си жүргізушілері көбінесе жеке кә­сіп­керлер болғандықтан, оларға еңбек ке­пілдіктері мүлдем қолданылмайды. Яғ­ни, демалыс, жалақы кепілдігі мен әлеу­мет­тік төлемдер жоқ. Көбі тәулік бойы, күн­де­лікті 8-12 сағат жұмыс істейді, кей­біреу­лері тіпті ұзақ рейстерге шығып, тәуекелге бел буады. Қауіпсіздік мәселесі де бар: жүр­гізушілерге апат немесе кісі тонау сияқ­ты төтенше жағдайлар туындаса, зей­нетақы немесе жарналар секілді қорғау ме­ханизмі қарастырылмаған. Әдетте, так­сиді міндетті автокөлік сақтандырумен, ал кейде ерікті медициналық сақтандырумен қамтиды, бірақ бұл жалпы қауіп-қатерден толық қорғайды деуге келмейді. 
Осылайша, кейінгі жылдары еліміздегі так­си нарығында көп өзгеріс болды. Баға саясаты мен бәсеке мәселелерінде Yandex Go мен inDrive сияқты ірі халықаралық ойын­шылар басым рөл атқаруда, бірақ мо­нополия қаупін азайту мақсатында рет­теу шаралары мен жаңа нарық қаты­су­шыларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстанда такси қызметін заң­дастыру әлі толық аяқталмаған: құқықтық жүйеде көлеңкелі қызметпен күрес және ав­токөліктер мен жүргізушілердің тәр­тіп­тілігіне талаптарды қатаңдату бағы­тын­да өзгерістер пысықталуда. 
Жүргізушілердің көзімен қарағанда, так­си – салыстырмалы тәуелсіз, бірақ тұ­рақ­сыз табыс көзі. Еске салсақ, орташа жа­­лақыдан жоғары табыс көзін қамта­ма­сыз етіп отырғанымен, кіріс жартысынан көбін шығындарға жұмсайды. 

P.S. Жалпы, сапалы қызмет пен қолжетімді баға жүйесін қалыптастыруға ұмтылыс бар. Жаңа технологиялар бұл нарықта маңызды рөл атқаратын болады. Нарықтың дамуы Үкіметтің реттеуіне, операторлар мен жүргізушілер қоғамдастығының ынтымақтастығына және тұтынушылар талғамына тығыз байланысты. Ал ең басты қажеттілік – бәсекелестіктің күшеюі. 
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары