Адам терісі ауадағы химиялық процестерге белсенді түрде әсер ете алады, ал күнделікті қолданатын парфюмерия мен косметикалық құралдар бұл табиғи үдерістерге кедергі келтіруі мүмкін. Бұл туралы Германиядағы Макс Планк институтының ғалымдары жариялаған жаңа зерттеуде айтылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеуге сәйкес, әр адам көзге көрінбейтін "химиялық бұлтпен" қоршалған. Бұл метафора емес, ғылыми факт: тері, тер және дене жылуы айналамызда "адамның тотығу өрісі" деп аталатын белсенді аймақты қалыптастырады. Бұл өріс ауадағы молекулалармен әрекеттесіп, кейбір зиянды ұшпа қосылыстарды бейтараптандыруға көмектеседі.
Алайда парфюм, лосьон сынды косметикалық өнімдер бұл табиғи жүйені бұзуы мүмкін. Science журналында жарияланған зерттеу нәтижелері әдеттегі гигиеналық құралдардың дәл бет маңындағы ауаның химиялық құрамына әсер ететінін, тіпті тыныс алу және тері арқылы ағзаға түсетін заттарды өзгертуі мүмкін екенін көрсетті.
Экспериментке төрт ерікті қатысып, арнайы климаттық бақылауы бар бөлмеде парфюмериялық құралдар қолданған. Ғалымдар феноксиэтанол, этанол және монотерпен сияқты қосылыстардың ауаға бөлінгенін анықтады. Бұл заттардың концентрациясы тері маңында, әсіресе бет аумағында, қоршаған ауаға қарағанда 2,8 есе жоғары болған. Олар ауаның табиғи тазартушы компоненттері – гидроксильді радикалдармен әрекеттесіп, олардың мөлшерін азайтты.
Ғалымдар бұл әсерді күшейту үшін бөлмеге озон газын енгізген. Озон тері майымен әрекеттесіп, тотығу өрісін күшейтеді. Алайда, лосьон жағылған жағдайда бұл процесс бұзылады: озонның концентрациясы 34 пайызға төмендеген. Ал парфюм қолданғанда тері маңындағы ұшпа қосылыстардың мөлшері 10 есеге артқан.
Зерттеу тікелей денсаулыққа әсерін қарастырмаса да, күнделікті гигиеналық әдеттеріміздің айналамыздағы химиялық ортаға, яғни тыныс алып жүрген ауамызға әсер ететінін көрсетті. Бұған дейін гидроксильді радикалдардың ауаны тазартуда маңызды рөл атқаратыны дәлелденген еді. Ал олар косметикалық құралдармен әрекеттескенде, бұл табиғи "тазарту жүйесі" әлсірейді.