Азық-түлік келісімшарт корпорациясы дәнді және майлы дақылдарды форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыруды жалғастырып жатыр.
16 мамырдағы жағдай бойынша ұлттық оператор 169 мың тонна астықты күзде тапсыру үшін фермерлердің шотына алдын ала төлем ретінде 6,4 млрд теңге аударды. Оның 4,7 млрд теңгесі бидай өндірушілерге, 549 млн теңгесі майлы зығыр өсіруге маманданған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына, 367,7 млн теңгесі арпа жеткізушілеріне бағытталды. Ал Шығыс Қазақстан облысына тиесілі күнбағыс өндірушілеріне басым бөлігі – 688,9 млн теңге – жіберілді.
Қаржыландырудың ең көп көлемі дәстүрлі түрде негізгі астықты аймақтарға тиесілі. Қазірдің өзінде қаржылай қолдауды Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарының 98 ауыл шаруашылығы кәсіпорны алды.
2025 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша майлы дақыл өндірушілерін несиелендіру көлемі ұлғайтылады.
Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға өтінімдер қабылдана бастаған сәттен бері Азық-түлік келісімшарт корпорациясына жалпы сомасы 19 млрд теңгеге өтінімдер келіп түсті. Форвардтық келісімшарттар бойынша шаруалар орақ науқаны аяқталғаннан кейін мемлекеттік оператордың ресурстарына 368 мың тонна астық жеткізуді жоспарлап отыр.
Форвардтық қаржыландыру бағдарламасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді егіс жұмыстарына қажетті қаражатпен қамтамасыз етуге бағытталған. Алынған авансты шаруалар тұқым, тыңайтқыш, қосалқы бөлшектер және басқа да ресурстарды сатып алуға жұмсайды.
Бұл ретте мемлекет тек қаржыландыруды ғана емес, сондай-ақ Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы астық өнімдерін әділ бағамен өткізуге де кепілдік береді. Осылайша, форвардтық тетік фермерлерге қаржылық жүктемені азайтуға және маркетингтік тәуекелдерді барынша төмендетуге көмектеседі.