Ресей 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап бала сүймеуді (чайлдфри) насихаттайтын фильмдер мен сериалдарды бұғаттауды жоспарлап отыр. Бұл туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады. Тыйым салынуы мүмкін туындылардың қатарында әлемге әйгілі «Гарри Поттер», «Тақ ойыны» сияқты сериалдар бар, деп хабарлайды turkystan.kz pnp.ru-ға сілтеме жасап.
Мемлекеттік органдардың пікірінше, бұл туындыларда бала сүймеуді қалыпты, тіпті қалаулы өмір салты ретінде көрсету белгілері байқалады. Мысалы, «Гарри Поттерде» профессор Макгонагалл ешқашан ана болмаған, ал «Тақ ойынында» Бриенна батырлық жолды таңдап, отбасылық өмірден бас тартады.
Бұқара арасында бұл бастамаға қатысты пікір екіге жарылды. Бірі – жастар санасына кері әсер ететін мазмұннан қорғану десе, енді бірі – бұл сөз бостандығына, шығармашылық еркіндікке жасалған қысым деп бағалауда.
Ресей билігі бұл шараны ұлттық құндылықтарды қорғау және отбасылық институтты нығайту мақсатында қолға алмақ. Дегенмен, сарапшылар бұл шешімнің халықаралық деңгейде сынға ұшырауы мүмкін екенін алға тартады.