ХІХ ғасырдан бері түтінін түлетіп келе жатқан Жанан (Артакшил) қазақ ауылы мен ХХ ғасыр басынан, Омбыда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы қызмет істеген кезден бала оқытып келген Томар орта мектебінде 2025 жылдың 9 мамыр күні Жеңістің 80 жылдығына арналған дүбірлі той өтті.
Томар ауылдық советіне Жанан, Тілеген, Бірлік, Үлкен Боранқұл, Кіші Боранқұл, Шөкет, Қопа, Ақкиік, Айбас ауылдары жатты. Бұл шағын ауылдар Омбы облысының Шарбақкөл ауданының жерінде болды. Ауылдардың арасы жақын, екі көлдің жағасында бір-бірінен 3-5 шақырымдай ғана қашықтықта орналасты. Аталған ауылдардың кейбірі жайында дерек көзі 1897 жылы өткен Бүкілресейлік бірінші халық санағында көрсетілген. Колхоздастыру кезінде шағын ауылдар орталығы Жананға біріктіріліп, оларға Ортақшыл деген ат берілген. Содан бері орыстың ресми атауында ауыл аты Артакшил деп жазылып кеткен. Қазір геграфиялық картада да солай белгіленеді. Заманға сай атау алған ауылдық мектеп Томар атына ие болды. Айбас-Томар ауылдық мектеп туралы алғашқы дерек көзі Омбы облысының Тарихи архивіндегі Ақмола облысы Халық училищелерінің инспекторы қорында кездеседі. Ол жерде аталған мектеп жайында деректер 1903 жылдан бастап сақталған. 1953 жылдан Томар мектебі орта дәрежелі болады.
Бұл ауылдан Екінші дүниежүзілік соғысқа 217 қазақ азаматы аттанып, қан майданнан олардың 150-і оралмаған. Сонда сұрапыл соғыста 70 пайызы шейіт болған. Майданға шақырылған, соғыстан оралмаған ауыл тұрғындарының есімі Омбы, Мәскеу архивтері арқылы анықталып нақтыланды. Аталған жауапты жұмысқа Томар орта мектебінің мұғалімдері, оқушылары, ауыл белсенділері түгел атсалысты.
2015 жылы Жеңістің 70 жылдығына орай ауыл орталығында ардагерлерге, соғыста қаза тапқан жерлестерге арналған еңселі ескерткіш тұрғызылды. Қоладан құйылған қазақ сарбазының мүсіні мәрмар тұғырға қойылып, қара тақтаға жауынгерлердің есімі қашап жазылды. Ескерткіштің алдына мәңгі алау жағылды. Аудан орталықтарында кездесе қоймайтын мұндай кешенді тұрғызу идеясын Томар орта мектебінің 1969 жылғы түлегі, кең жүректі меценат Мұрат Сарсембаев және ауыл азаматы, Томар орта мектебінің 1964 жылғы түлегі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаев (1946-2022) бастады. Ескерткіштің негізгі материалдық шығынын аталған екі азамат көтерді. Мұрат Сарсембаевтың әкесі Жүніс Жұмабайұлы (1914-1994) соғыс ардагері, ауылдың сыйлы азаматы болды. Жүніс Сарсембаев сұм соғысты басынан аяғынан дейін өтіп, елге аман-есен оралды.
Жанан ауылындағы Жеңіс тойы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тойға Омбы қаласында, Омбы облысының әр аймағында тұратын ауылдың бұрынғы тұрғындары, құда-жекжаты жиналды. Аруақтарды еске алуға Қазақстаннан да біраз адам арнайы барды.
Жанан ауылындағы Жеңіс тойының жоғары деңгейде өтуіне жергілікті тұрғындар түгел жұмылды. Арнайы қор құрып, оған барлығы шама-шарқынша үлесін қосып, ауылдың ішін абаттандырып тазалап, мектепті әктеп, сәндеп бояған екен. Сырттан келген мейманды қазақы салт-дәстүрмен күтіп алып, төрге шығарып құрметтеп, қонақжай пейілі мен дарқан көңілін көрсетті.
Ата-бабамыздың шыққан жері – қасиетті Баянауыл. Кемеңгер бабамыздың бейіті Баянның Сарытауында жатыр. Біз үшін Баянауыл – атажұртымыз, қашанда кие тұтатын қасиетті өлкеміз. Алайда бабамыз, Алаш ардақтысы Қошке Кемеңгерұлы қуғын-сүргін көріп, 1937 жылдың 21 қарашасында Омбы қаласында оққа ұшқаннан кейін, оның ұрпағы да Ертіс бойын неше заманнан мекен етіп келе жатқан шұбар ішіндегі қазақ арасында қалып қойды. Сол жомарт пейілді жұрт ішінде жан сақтады, адал еңбек етіп, ұрпағын жеткізді. Адам баласы ата-анасын қалай өзгерте алмаса, туған жерін де соншалықты таңдай алмайтыны ақиқат. Құдайдың жазуымен, тағдырдың бұйрығымен біздің кіндік қанымыздың тамған жері – Омбының Шарбақкөліндегі Жанан ауылы. Ауыл мектебін бітіргеннен кейін біз жүрек қалауымен және саналы түрде атамекеніміз Қазақстанға оралдық. Бізден кейін араға тоғыз жыл салып туған бауырларымыз, әке-шешеміз, жасы жетпіс алтыға келген атамыз бен әжеміз де сондай таңдау жасады. Қазақ елі тәуелсіздік алған кезеңде, тоқсаныншы жылдардың соңы мен екі мыңыншы жылдардың басында Омбы жерінен Қазақстанға қоныс аударуға мұндай таңдау жасаған біраз қазақ отбасы болды. Дегенмен Омбы топырағында қанша ұрпақ өмір бойы сүріп келген қазақтар сол жерде қала беруге тоқтады. Олардың бұл таңдауын қазір біз құрметтейміз, сол жақтағы амандығын тілейміз.
Ауылға тас жол төселіп, әр үйге газ бен су тартылып, жылдам интернет байланыс орнатылып қойса да, өкініштісі – мектепте бала саны барған сайын азайып келеді екен. Туған ауылдағы қаңырап бос қалған үйлерді көргенімізде, көңіліміз де құлазып қала берді. Бұл үрдіс Ресейде ғана емес, Қазақстанда да орын алып жатқаны шындық. Адамдардың ауылдан қалаға көшу үрдісін ешкім тоқтата алмайтын секілді. Тіпті, бұл жағдай табиғи дүниедей көрінеді. Қалай болғанда да, әркімге туған жері – Мысыр шаһары дегендей, кім-кімге де өзінің туып-өскен топырағы ыстық болып қала береді. Бала кездегі ауылдастармен доп алаңында, ойын соңында өткізген беймарал күндер, кешкі малдың өрістен ауылға қайтқан шақтағы күннің көкжиекке қызарып әдемі батуы, қайыңның қожырмағына қайнаған самаурынның ыстық шайы, шелектеп ағызған балдай қаймағы мен дәмі ауыздан кетпейтін сап-сары майы, жазғы жылы жаңбырдан кейін бусанып жатқан жасыл атырап, көлдің үстіне төңкерілген қызыл-жасылды кемпірқосақ, бас бармақтай болып өскен қой бүлдіргені мен қайың арасынан ғана теретін тас жидегі, қарақаты мен шиесі, бүр жарған ағаштары мен түрлі түсті гүлдері бар ауылдың еш жерде жоқ иісі естелік болып кеше есімізге оралды.
Сол ыстық сезімді қайыра сыйлаған, есейіп кетсек те, уақытты тоқтатып, балалық шаққа саяхат ұйымдастырған ауылдастарға мың мәрте ризашылығымызды айтамыз.
Қайырбек КЕМЕҢГЕР,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қауымдастырылған профессоры,
Омбы облысы, Шарбақкөл ауданы,
Жанан ауылы,
Томар орта мектебінің
1994 жылғы түлегі