Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов 5 жасар баланы құтқарып қалған Ерасыл Омархановты марапаттап, қаржылай сыйақы табыстаған, деп хабарлады turkystan.kz.
Сондай-ақ әкімнің айтуынша, демеушілер студенттің оқу ақысын өтеп бермек.
«Қазақстан-Америкалық еркін университеті «Психология» мамандығында оқып жатқан студент Ерасыл Омархановпен кездестім. Оның батылдығы, табандылығы және жақынға көмек көрсетуге деген шынайы ниеті зор құрметке лайық. Жуырда ол Үлбі өзенінде болған төтенше жағдайда жылдам әрі дұрыс шешім қабылдап, баланы аман алып қалды.
Көрсеткен жанашырлығы мен жауапкершілігі үшін Ерасылға алғыс хат пен ақшалай сыйлық табыстадым. Сонымен қатар «AN Group» компаниясы студенттің оқу ақысын өтеу туралы бастама көтеріп, оның білім алуына қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді», - деді әкім.
Ерасыл бұл әрекетін ерлік деп санамайтынын, мұндай жағдайда әр азаматтың дәл осылай көмекке келуі тиіс екенін айтты.