Жамбыл облысында жасөспірімді өгей шешесі соққыға жыққан

/
Жамбыл облысында жасөспірімді өгей шешесі соққыға жыққан
Ашық дереккөзден

Жамбыл аудандық соты жасөспірімге әдейі жеңіл дене жарақатын салу дерегі бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарлады turkystan.kz.

Сот материалдарына сәйкес, 2024 жылдың желтоқсанында сотталушы үйінде отырып, асыранды ұлын 1 миллион теңгені ұрлады деп күдіктеніп, ақшаны қайтаруды талап еткен. Ұлы ақшаны алмағанын айтқанда, әйел ағаш оқтауды алып, денесіне бірнеше рет соққы жасаған.

Келесі күні колледж оқытушылары жасөспірімнің жағдайын байқап, оны ауруханаға жеткізген. Сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушіге жеңіл дене жарақаты салынған.

Істі қарау барысында прокурор сотталушыға 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін толық мойындады.

Жәбірленуші сотта өгей анасына кешірім бергенін, оған наразылығы жоғын айтып, жазадан босатуды сұраған. Алайда, ол онымен бірге тұрғысы келмейтінін де жеткізді.

Сот үкімімен әйел кінәлі деп танылып, 6 айға бостандығы шектелді. Үкім заңды күшіне енді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары