Америкалық және бразилиялық ғалымдар шай саңырауқұлағының (комбуча) сөлі семіздікке алып келетін микробтарды азайтуға көмектесетінін дәлелдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
The Journal of Nutrition (JNutri) журналында арнайы зерттеудің нәтижесі жарияланған.
Әлемде миллиардқа жуық адам семіздікпен ауырады. Көптеген зерттеуге қарамастан, генетикалық, физиологиялық факторлардың әсер ету механизмі әлі зерттелмеген. Бұл мәселе бойынша жүргізілген ғылыми зерттеулердің көбінде салмақты реттеудегі ішек микробиомасының шешуші рөлін баса айтады.
8 аптаға жалғасқан экспериментке қалыпты салмағы бар және семіздікпен ауыратын жалпы саны 38 адам қатысқан. Олар күн сайын зертханада әзірленген 200 мл шай саңырауқұлағының сөлін ішкен.
Экспериментке дейін және кейін жүргізілген зәр, нәжіс және қан анализдерінің нәтижесі бойынша, шай саңырауқұлағының сөлінде 145 фенолды құрамы бары анықталды. Ал бұл пайдалы микроорганизмдердің өсуін қадағалайды. Әсіресе, семіздікке шалдыққан адамдардың анық өзгеріс байқалады: олардың ішектерінде бутират өндіріп шығаратын бактериялар саны арта түскен. Бутриат – ішекті сау қалыпта ұстап тұратын өнім.
Сондай-ақ қатысушыларда Ruminococcus және Dorea секілді семіздікке шалдықтыратын микробтардың саны азайғаны белгілі болды.