Уругвайдың бұрынғы президенті, әлемдегі ең кедей мемлекет басшысы атанған Хосе Мухика дүние салды. Бұл туралы ел президенті Яманду Орси X әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Әріптесіміз Пепе Мухиканың өмірден өткенін қайғыра хабарлаймыз. Ол – президент, белсенді, көшбасшы болды... Бізге бергенің үшін, халқыңа деген терең сүйіспеншілігің үшін рақмет», – деп жазды Орси.
Мухика ауыр дертке шалдыққан болатын, ауруы басқа мүшелерге де тараған. Биыл жылдың басында ол емдеуден бас тартып, отандастарымен қоштасқан еді.
Хосе Мухика әлемге танымал тұлға. Ол тек солшыл бағыттағы саясаткерлер арасында емес, оңшыл көзқарастағы азаматтар арасында да үлкен құрметке ие болды. Мемлекет басшысы болып тұрған кезінде де ол ауылдағы қарапайым үйінде тұрып, жалақысының көп бөлігін қайырымдылыққа жұмсап отырған.
Мухика 90 жасқа толуына бірнеше күн қалғанда өмірден өтті.