Мәжіліс төрағасы Армения Парламентінің спикерімен кездесті

Мәжіліс төрағасы Армения Парламентінің спикерімен кездесті
Мәжілістің Баспасөз қызметі

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Астанаға ресми сапармен келген Армения Республикасы Ұлттық жиналысының төрағасы Ален Симонянмен кездесті.

Мәртебелі мейманды қарсы алған Ерлан Қошанов Арменияның Оңтүстік Кавказ аймағындағы Қазақстан үшін маңызды әріптес екенін атап өтті. Мәжіліс спикері біздің еліміз Армения басшылығы жүзеге асырып жатқан ауқымды саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды үлкен қызығушылықпен бақылап отырғанын айтты.

– Былтыр Қазақстан мен Армения арасындағы достық және ынтымақтастық туралы шарттың 25 жылдығын атап өттік. Бұл мерейтойға орай мемлекет басшыларының ресми сапарлар алмасуының символдық мәні зор. Бұл екі маңызды оқиға жаңа геосаяси жағдайлардағы мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастыққа қуатты қарқын берді. Онда әріптестігіміздің барлық салаларын қамтитын бірқатар келісімге қол қойылды, – деді Ерлан Қошанов.

Кездесу барысында Парламент спикерлері жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді заңнамалық тұрғыдан рәсімдеу және жаңа экономикалық әрі мәдени жобаларды қолдау мәселелерін талқылады.

Мәжіліс төрағасы армян әріптесін елімізде жүргізіліп жатқан реформалар мен заң шығару жұмысы жайында хабардар етті. Әңгіме барысында тараптар Қазақстанда қабылданған әлеуметтік әділдік, заң үстемдігі мен тәртіпті нығайтуға бағытталған заңдардың Армения үшін қызығушылық тудыратынын атап өтті. Осы орайда депутаттар бейінді комитеттер арқылы тәжірибе алмасуға келісті.

Өз кезегінде Ален Симонян парламенттер арасындағы қарым-қатынасты жандандыру қажеттігіне назар аударды.

– Парламентаралық байланыстың дамуы өзара түсіністікті тереңдетуге, сенімді нығайтуға, сондай-ақ екіжақты келісімдерді тиімді жүзеге асыруға септігін тигізеді. Биыл сәуір айында өткен Қазақстан мәдениеті күндері Армения үшін мәдени-гуманитарлық саладағы маңызды оқиғаға айналды. Сонымен бірге Армения тарапы Қазақстан билігі мен халқының армян диаспорасына деген көзқарасын жоғары бағалайды. Ол – елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы маңызды дәнекер, – деді Ұлттық жиналыс төрағасы.

Сонымен қатар тараптар экономика, логистика, мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін де талқылады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары