Маңғыстау облысында жол апатынан 5 жасөспірім зардап шекті. Тізгінде кәмелетке толмаған бозбала болып, рульге ие бола алмай қалған, деп хабарлады turkystan.kz сайты.
КТК арнасының мәліметінше, көлік бірнеше рет аударылған. Апаттан көп жарақат алған үш қыз облыстық балалар ауруханасында емделіп жатыр
Анықталғандай, көлікті тізгіндеген жасөспірімнің ата-анасы басқа қалаға шипажайға кетіпті. Үйдегі үлкендердің жоқ екенін пайдаланған ол, көлігімен қыздарды қыдыртпақ болған. Алайда арты қайғылы жағдайға әкеліп, оқушылар мінген көлік апатқа түскен. Бәрі бір ажалдан аман қалды.
Аталмыш оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Ал жансақтау бөлімінде жатқан 16 жастағы қыздың бірнеше жері сынып, миына зақым келген. Жағдайы өте ауыр.
«2010 жылы туған қыздар травматология бөлімшесінде жатыр. Олардың желкесі, иығы сынған. Одан бөлек, бет, оң жақ тізе буындары бірнеше жерден сынған. Қазір дәрігерлердің бақылауында. Жалпы, науқастар есін біледі», – деді Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Жұлдызай Қалиева.