Айдос Сарым: Әскери буын алмаса береді, институттар қалады

/
Айдос Сарым: Әскери буын алмаса береді, институттар қалады
сурет: liter.kz

Елдің айбыны қорғанысының беріктігімен өлшенеді дейтін аксиомаға айналған сөз бар. Заман, адам, құндылықтар өзгерсе де, оның мәні өзгермейтінін әлемдегі ахуал тағы бір дәлелдеп отыр. Бірақ мазмұн сақталғанымен, форма түрленеді, әлеммен бірге жылжып, соңынан ілеседі. «Бүгінгі армия бұрынғы армия емес. Демек, оған деген көзқарас та өзгеруі керек», – дейді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым. Сонда, бүгінгінің армиясы қандай? Қорғаныс саласын көштен қалдырмау үшін не істеп жатырмыз, не істеуіміз керек? Қоғамның пікірі қандай ауанда?

Екі-үш жылда жүздеген жаңа шекара бекеті салынуға тиіс

– Жақында Мәжілісте Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне жұ­мыс­қа ауыстыңыз. Бұған не себеп болды? Нақ­­ты бастамалар көтеріп, ұсыныс айт­қыңыз келді ме?

– Саясаттанушы ретінде, халықаралық қа­ты­настардан, геосаясаттан хабары бар адам ретінде осы шешімді дұрыс көрдім. Белгілі бір қауіп-қатер бар, басқа бар, соның алдын алу тұрғысынан, бас­қа мәселелерге байланысты да барынша пайдам ти­сін, қолымнан келгенше үлес қосайын деген ниет болды. Енді шынын айту керек, оңай болған жоқ, шамамен 7-8 айдай әурелендім. Себебі Мәжілісте тәртіп өте қатал, белгілеген бағыт-бағ­дар, жүйе бар. Бірақ діттеген мақсатқа жеттім деп айтуға болады.

– YouTube-тегі арналардың біріне бер­ген сұхбатыңызда комитет ауыстыр­ған­нан кейін шекара заставаларының бар­лығын аралап көрдім деп айтқан екенсіз.

– Бәрін емес, бірақ біразын араладым.

– Сол кезде нақты қандай мәселелерді бай­­­­қадыңыз? Жалпы, шекарадағы ахуал қан­дай?

– Еліміздің шекарасын шегендеу, оны бе­кіту жұмыстары, негізінен, аяқталған. Бізде Кеңес заманында толықтай айқындалған, дайын шекара тек Қытаймен арадағы шекара ға­на болатын. Себебі ол кездің өзінде бейтарап ай­мақ ретінде белгіленіп, бақылау жолағы, кү­зет жүйелері, сигнализациялар, бақылау мұ­наралары сияқты нысандардың барлығы орнатылды. Ал қалған төрт мемлекетпен – Ре­сей, Қырғызстан, Өзбекстан және Түр­кі­мен­станмен арадағы шекаралар, теңіздегі ше­кара­мыз кейінгі жылдары ғана заңды түрде бекі­ті­ліп, БҰҰ-ға ұсынылып, халықаралық талап­тарға сай мойындалды.

Енді алдымызда тек шекара бойына ба­ған­­дар орнатып, «Қазақстан – Өзбек­стан», «Қазақстан – Қырғызстан» деген секілді нақ­ты белгі қою, сондай-ақ қажет инженерлік құ­рылымдар мен инфрақұрылымды салу мін­деті тұр. Геодезистер шығып, қай жерге баған қойылуға тиіс, қай тұсқа бақылау мұнарасы не­месе жол салынуы керек – соның бәрін анық­тайды. Алдағы екі-үш жыл ішінде жүзде­ген жаңа шекара бекеті салынуға тиіс. Оған жер бөлу керек. Қаражат бөлу де – күрделі мә­селе. Әлеуметтік мемлекет ретінде бюд­жет­тің 50 пайызы әлеуметтік салаға бөлінеді және бұл сома қысқартуға келмейтін шығын сана­ты­на жатады. Сонымен қатар былтырғы су тас­қыны да бюджетке едәуір салмақ түсірді, осы­лайша, жұмыстар сәл баяулап қалған бола­тын.

Қазіргі кезде бұл жұмыстар негізінен Ре­сеймен шекаралас аймақта жүріп жатыр. Ең бас­тысы, біздің келіссөз жүргізетін маман­дар­дың білігі де, беделі де өте жоғары. Олар әр тарап­тың мүддесін ескере отырып, салмақтап, саралап, ауқымды жұмыс атқарып жатыр.

Тағы бір бағыт – Қырғызстанмен шекара. Қыр­ғызстанның тексеру жүйелері мен ш­е­кара­лық өткелдері әзірге біздің стандарттарға то­лықтай сәйкес келмейді. Осыған байла­ныс­ты біз, мемлекет ретінде, өз тарапымыздан кө­мек көрсетіп жатырмыз. Кейінгі 30 жылда қалыптастырған технологиялық, оның ішінде интернет-технологиялық жүйемізді, осы са­ла­дағы жетістіктерімізді көршімізбен бөлісуге әзірміз. «Қалаңыздар – орнатыңыздар. Тегін бе­ре­міз. Бірақ есесіне есеп-қисап дұрыс жүр­гізілсін» деген ұстаныммен жұмыс істеп жа­тыр­мыз. Әрине, бұл бағытта белгілі бір жетіс­тіктер де жоқ емес. Бірлесіп атқарып жатқан жұмыс өз нәтижесін береді деп сенеміз. Яғни, шекара арқылы қанша тауар өтті, қанша адам өтті, олардың қаншасы Қазақстанға келіп жа­тыр, қаншасы біздің жеріміз арқылы Ресейге немесе басқа елдерге өтіп жатыр – осы сынды деректердің нақты әрі ашық болуына жағдай жасау аса маңызды.

Жуырда Қазақстан мен Қытай арасындағы кедендік декларация туралы мәселе туындаған еді. Мұны неше мәрте қарадық. Бізде Қытаймен шекарадағы бірнеше кеден бекеті бар, соның ішін­дегі ең ірісі – Қорғас. Бұл бекет арқылы жыл сайын шамамен 1,5 миллион адам өтеді. Әр адам 25 келіге дейінгі тауарды өзімен бірге ке­дергісіз алып өте алады. Азық-түлік, киім-ке­шек, тұрмыстық заттар сияқты ұсақ-түйек тауар­лар. Бір қарағанда, бұл аса көп емес сияқ­ты көрінеді. Бірақ біз мұны толық көлем­де есептеп көрдік. Сөйтсек, мұның өзі бірнеше миллиард доллар қаржыға тең болады екен. Осындай жағдайлар біздегі нақты статисти­ка­ның да бұрмалануына себеп болуы мүмкін.

Өткен жылдары біз комитеттің төрт мү­­ше­сін шекара аймақтарына арнайы іссапарға жібердік. Олардың екеуі Қырғызстан бағытына барды. Бір ай бойы олар шекарадағы әс­керилермен бірге жаттығу өткізіп, бір дас­тар­қаннан тамақ ішіп, бірге патрульге шығып, шекарадағы өмірдің барлық ерекшелігін өз кө­зімен көріп, тәжірибе жинады. Осыдан кейін әр шекаралық нысанға жауапты адам­дарды нақтылап, бекітіп қойдық. Кім қай объек­тіге жауап береді, кімнен қандай есеп алы­нады – бәрі айқын белгіленді. Сол жауапты тұл­ғалардан күн сайын «бүгін не істелді, қан­дай өзгеріс болды?» деген нақты ақпарат алып отырдық. Қажет болған жағдайда дрон арқы­лы түсірілген бейнематериалдар мен сурет­тер­ге дейін алып отырдық.

Бұған мән беріп отырған себебіміз – ше­кара қауіпсіздігі ел беделінің айнасы. Қазақ­стан­ға сырттан келген адам ең алдымен ше­ка­рашымен кездеседі. Сондықтан шекара қыз­меткерінің киімі таза, ғимараты жинақы, қауіп­сіздік талаптары толық сақталған болуы ке­рек. Бір өңірде атпен, енді бір жерде көлік­пен күзетке шығады – бәрі жағдайға байла­ныс­ты. Қазір жаңа заманауи технологиялар пай­да болып жатыр: дрондар, цифрлық ба­қы­лау құралдары, тағысын тағы. Бұл құрыл­ғы­лар­ды тиімді меңгеру маңызды. Мысалы, атты үй­ретіп, адам жібергенше, дрон арқылы аумақ­ты бақылау әлдеқайда жылдам әрі тиімді тәсіл болуы мүмкін.

Сонымен қатар шекара бекеттеріндегі аза­­­­маттардың қозғалысына қолайлы жағдай жа­сау – басты міндеттердің бірі. Сол бекет­тер­ден жүк көліктері де, жеңіл машиналар да, жаяу жолаушылар да өтеді. Барлығы үшін ың­­­ғайлы әрі қауіпсіз инфрақұрылым қажет. Осы бағытта елімізде жүйелі, нәтижелі жұ­мыстар атқарылып жатыр.

Одан бөлек, жеміс-жидек секілді тез бұ­зылатын өнімдердің шекарадан жедел өт­кізілуін қамтамасыз ету үшін «жасыл дәліз» жүйе­сін енгізіп жатырмыз. Яғни, тез шіріп, бұ­зылып кетуі ықтимал тауарлар мүмкін­дігін­ше бөлек жолмен өтіп, олар Қазақстанға келіп арзан бағамен сатылса дейміз. Ал күрделі, қо­­­­­сымша тексеруді қажет ететін тауарлар үшін заманауи технологиялар енгізіліп жатыр. Мәселен, кейбір жүк көліктері Қазақстан ар­қылы өтіп, Ресейге тауар апару керек болға­ны­мен, жолда тауарларын түсіріп, орнына бас­қа жүк тиеп алып, елдеріне қайта оралып жа­тады. Осындай заң бұзудың алдын алу үшін мем­лекеттік органдармен және Үкіметпен бір­лесіп жұмыс істеп жатырмыз. Бұл бағытта қа­былданған шаралар өз нәтижесін жақын ара­да береді деп сенеміз.

Біреудің уәдесіне сеніп қана саясат жүргізе алмайтынымызға көз жетті

– Қоғамда әскер туралы көзқарас әр­түр­лі. Бірақ барғысы келмейтін жас, жі­бер­гісі келмейтін ата-ана көп...

– Мүмкіндік болса, бұл туралы ұзағырақ әң­гіме өрбіту қажет.

– Мұндай жағымсыз көзқарастың қалып­тасуына, сенімнің жоғалуына не әсер етті, қа­лай ойлайсыз?

– Отыз жыл бойы «Біздің мемлекетке еш­қа­шан ешқандай қауіп төнбейді» деген сенім бол­ды. 1994 жылы Будапешт келісіміне қол қой­дық. Ядролық қарудан бас тартқаннан кейін төрт-бес мемлекет Қазақстанның еге­мен­дігі мен аумақтық тұтастығына кепілдік бер­ді. «Сырттан жау келетін болса, біздер ара тү­семіз, қолдаймыз, көмектесеміз» деді. Украи­на дейтін мемлекет те дәл сондай кепілдеме алған болатын. Енді қазір олар соғысып жа­тыр. Демек, мемлекет ретінде, ел ретінде біреу­дің айтқан уәдесіне ғана сеніп, өзіміздің сая­са­тымызды жүргізе алмайтынымызға көзіміз жетіп отыр.

Осылайша, соның салдарынан жылдар бойы армияның жағдайы нашарлады. Жалпы, күш­тік құрылымдарға деген сенім мен көз­қа­рас құлдырады. Қаражат азайды. Біз эко­но­ми­ка­лық блокпен көп сөзге келеміз. Олар көп­ба­лалы ана маңызды дейді. Сосын мұғалім де­дік, дәрігер дедік, басқа дедік. Ал әскери адам­дар деген шыдамды, тәртіппен жүретін адам­дар, оларды олай қысқартсақ та, былай қыс­қартсақ та болады деген сияқты көзқарас бол­ды. Бұл қате екеніне көзіміз жетіп келеді ғой. Айналып келгенде, өзіміздің армияға өзіміз арқа сүйей алмайтын болсақ, онда не үшін мемлекет болып отырмыз?

Кейде армияны немесе полицияны сынайтын, еңбегін жоққа шығаратын, төмендететін пікірлер айтылып жатады. «Біз­дің армия түкке тұрмайды. Біздің полицияның қолынан түк келмейді» дейді. Бұлай деуге еш негіз жоқ. Қазіргі қаржыландыру аясында қол жеткізген нәтижеге қарасақ, кейінгі 5 жылда ай­тарлықтай алға жылжығанымызды байқай­мыз.

– Сонда жастар өз еркімен баруы үшін не істей аламыз? Не істеу керек? Әскерге де­ген сенімсіздікті қалай жеңуге болады?

– Алдағы уақытта әскери-патриоттық тәр­­бие туралы заң шығады. Тек кейінгі екі жыл­­дың өзінде армия мен күштік құрылым­дар­ға тікелей байланысты жеті заң қабыл­дан­ды. Олардың қатарында тәртіпті бекіту, жаңа құры­лымдар құру, әскери жүйені жетілдіру секіл­­ді маңызды құжаттар бар. Соның бірі – жуыр­­да қабылданған «Аймақтық қорғаныс тура­­лы» заң. Осы заң негізінде еліміздің жиыр­ма аймағында жиырма аймақтық әскери бри­гада құрылады. Бұл бригадаларға бұрын әс­керде қызмет еткен, әскери дайындық тә­жірибесі бар қарапайым азаматтар да ерікті түрде мүше бола алады. Ол үшін әскери ко­миссариатқа барып, өтініш білдіру жеткілікті. Әр азаматтың біліктілігі мен дайындық дең­гейіне қарай нақты бағыттар белгіленіп, бел­гілі бір уақытта танк, артиллерия немесе ин­женерлік құрылымдар бойынша жат­тығу­лар өткізуге мүмкіндік жасалады. Осының бәрі де армияның беделін көтеру, армияның инфра­құрылымын, армияның экожүйесін жақсарту үшін істеліп жатқан жұмыстардың бір парасы.

Бірақ өзіңіз айтқандай, талай жылдар бойы армияның беделінің түсіп кетуі, армия­ның экономикалық тұрғыдан әлсіреуі, әлеу­меттік тұрғыдан әлсіреуі, әрине, оған кері әсер етті. Жастардың көбісі әскерге бару құр босқа уақыт шығындау деп есептейді. Ата-аналар ба­ласы­ның әскерге баруын қаламайды, мек­теп­ке немесе мемлекетке кінә артады. Бізде, өкі­нішке қарай, елдің қорғаныс жүйесін, ар­мияны, жалпы ұлттық қауіпсіздік мәселесін ке­лемеж ететін, сынап-мінейтін адамдар кө­бейді. Бұл пікірлер кейде елге деген жана­шыр­лықтан туатын шығар, бірақ кейде асыра сіл­теп жатады. Бірақ біз ең басты мәселені ес­тен шығармауға тиіспіз: ел қорғау – тек мем­лекетке немесе әскерге ғана емес, әр аза­мат­қа ортақ парыз. Оны түсіну балабақшамен, бү­кіл білім беру жүйесімен, тәрбие берумен ты­ғыз байланысты. Осының бәрін ортақ негіз­ге біріктіріп, жаңа, біртұтас жүйе қалып­тас­тыру қажет. Мұндай тәсілді кешеуілдету – тіпті белгілі бір дәрежеде қателік болмақ. Сон­дық­тан бұл тақырыпқа қоғам болып ойлануымыз керек. Қазір еліміздің көптеген мектебінде ал­ғаш­қы әскери дайындық пәні оқытылады. Со­ны­мен қатар бірнеше сынып оқушысын біріктіретін «Жас сарбаз» сыныптары да бар. Бұл бастама жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Бұл сы­ныптардың оқушылары түрлі әскери жиын­дарға, жарыстарға қатысып, белсенділік та­нытып жүр. Негізі, мұндай бастаманы ертерек қолға алу керек еді. Дегенмен кеш болса да, қа­зіргі уақытта қолға алынып, нақты оң нә­ти­же беріп жатыр. Қазақтың ұл-қыздары на­ғыз әскери машықты тез меңгереді – авто­матты дұрыс қолдана алады, алғашқы көмек көрсетуді біледі.

Әлеуметтік желіде батыр болатындар көп. Бірақ оларға айтар бір ғана сөзім бар: егер шы­нымен ел тағдырына алаңдасаң, ең алды­мен өз балаңды әскерге жібер. Сол арқылы елге үлгі көрсет. Қазіргі армия бұрынғыдай емес. Ашық­тық бар. Арнайы аналар комитеттері жұ­­мыс істейді. Әрине, кез келген ортада кикіл­жің, түсініспеушілік болуы мүмкін. Біз де бала болдық, мектепке бардық, балабақшада бол­дық – бәрі жерде төбелес те, ерегес те болды. Жа­сөспірімдер, әсіресе, ұл балалардың ара­сын­да бұл – биологиялық, психологиялық заң­дылық. Ол жас кезде адам мінезі, гормо­нал­ды тепе-теңдігі қалыптасатын кезең. Мұн­дай сәттерде ұстаз да, ата-ана да, офицер де өз жұмысын атқаруға тиіс. Қазір кейбір ата-ана­лар әсіре эмоциямен қарайды. Кішкене жағ­дайға бола бүкіл мектеп жүйесін, армияны, колледжді жоққа шығарғысы келеді. Бірақ шын мәнінде, мейлі ол Франция болсын, Израиль болсын, Пәкістан болсын әлемнің ешбір армиясы мұндай қиындықтан толық арыл­ған емес. Ер-азамат жүрген жерде иерар­хия қалыптасады. Бірінші, екінші, үшінші дегендей орын үшін күрес болады. Бұл – табиғи нәрсе. Сен сол ортада өз орныңды таба білуің керек. Сондықтан жігіттік мінез, күресе білу қасиеті бала күннен, мектептен, армиядан басталады. Әскерге барып келген адамның өмірге деген көзқарасы өзгереді, жауапкер­ші­лігі артады. Расында да, өмір оңай емес. Бірақ ер-азаматта мінез, ұстаным болу керек. Ал ол қасиет қиындықтан өту арқылы ғана қалып­та­сады. Тек бастысы – бұл бәсекелестік қыл­мыс­қа, қорлауға, буллингке, суицидке апар­мауы керек.

Оқыста танкінің астында қалып қою, оқ тиіп кету сияқты жазатайым оқиғалар да  әлем­нің барлық армиясында болады. Бірақ маңыз­дысы – бұл қауіптің алдын алу үшін жүйелі жұмыс атқарылуы керек. Біз әскери про­куратурамен ұдайы тығыз байланыста жұмыс істейміз. Кейінгі 5 жылды алатын бол­сақ, армияда жасалатын қылмыстың үлесі азайып келе жатыр. Оның ішінде әлімжеттік те, басқасы да бар. Қазір егер осы жерден шы­ғып, кез келген әскери бөлімшеге барсаңыз, ка­зармасына, асханасына кірсеңіз, тәртіп пен талаптың күшейгенін көресіз.

Бұрынғы заманда «азамат» деген кім еді? Ол – ат жалында, қаруы сай, жауға қарсы шық­қан жауынгер. Ал қазір сол рухты сақтау үшін ең болмаса бір жыл әскерге бару – пай­далы әрі қажет нәрсе. Кейбіреулер оны 2-3 жыл­ға ұзарту керек дейді. Оған негіз жоқ. Құ­дайға шүкір, бізге мұндай ұзақмерзімді жал­пыға бірдей әскер қажет емес. Бүгінгі бір жыл­дық жүйе – мүмкіндігінше көп жасты әскери дайындықтың негізгі дағдыларымен қам­туға арналған тиімді жүйе. Ол әліппесін үй­ретеді. Кейбіреулер толықтай кәсіби армия­ға өтейік дейді. Бірақ кәсіби армия қазіргі жүйеден 3-4 есе қымбат. Және бұрынғыдай то­лыққанды инфрақұрылым да қалмаған. Көп­теген әскери бөлім жабылды. Қазірдің өзінде қоныстандыратын жер жетіспейді. Сон­дықтан қолда барды тиімді пайдалануымыз керек. Біздің қазіргі міндетіміз – осы жүйені нығайтып, бар мүмкіндікті іске жарату.

Армияға деген көзқарас өзгерсе екен, ар­мия қатарына келетін жастар, әсіресе, болашақ лейтенанттар, кәсіби әрі білімді болса екен дейміз. Олар өздеріне сеніп тапсырылған сар­баздармен дұрыс жұмыс істей алса екен, қа­зіргі заманғы техника мен технологияны же­тік меңгерсе екен дейміз. Ол үшін әскери қыз­меткерлердің әлеуметтік жағдайын көтеру, мәр­тебесін айқындау, қоғамдағы орнын нақ­тылау қажет.

38 жоғары оқу орнына тегін түсуге мүмкіндік беріліп отыр

– Иә, тек күш емес, білім мен білік те – аса маңызды көрсеткіш. Әскери білім беретін оқу орындарын жаңа күн тәртібі­не, заман талабына қаншалықты бейімдедік? Бүгінгі күннің білікті әскери қызметкері қандай болуға тиіс?

– Біз жақында ғана комитеттің үлкен жал­пы отырысын өткіздік. Бір ғана мысал кел­тірейін. Бізде университеті бар, академиясы бар – барлығы 9 әскери білім беру орталығы жұ­мыс істейді. Соған кей жылдары кей об­лыс­тардан бірде-бір адам түспеген. Армияны сы­нап жатамыз, бірақ шындап келетін болсақ, ар­мияға да дұрыс көзқарас керек. Армияға да дұ­рыс жағдай жасалуы керек. Иә, біздің ба­ла­ларымызды ол жақта білікті, жоғары білімді ма­мандар қарсы алсын дейміз. Есіңізде бар шығар, осыдан 5-6 жыл бұрын педагогикалық университеттерге, институтқа ҰБТ-дан төмен балл алған талапкерлер де түсе беретін. Ша­ма­мен, 50-60 балдың айналасы. Бұл, ашығын айт­қанда, «3» деген баға ғой. Сол сияқты, бү­гінгі күні әскери оқу орындарына түсіп жат­қан талапкерлердің шамасы да осындай. 50 де­месек те, 60 балмен түсіп жатқан балалар бар. Сонда өзіңіз ойлап көріңізші, егер бас­тап­қы дайындық деңгейі осындай болса, болашақ офицерден, болашақ қолбасшыдан қандай нәти­же күтеміз? Сіз қалай ойлайсыз, олардың оқуға түсетін балы қанша болуы керек?

– Педагогика, медицина мамандық­тарына қойылатын талаптан артық бол­ма­са, кем болмауы керек сияқты...

– Біз мына нәрсені ескеруіміз керек. Бү­гін­гі армия – бұл бұрынғы ата-бабаларымыздың, мы­салы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі армия емес. Уақыт өзгерді. Технология дамыды. Қазіргі әскери техникалар аса күрделі. Сол се­бепті әрбір сарбаз дрон басқаруды, заманауи құ­рылғылармен жұмыс істеуді меңгеруге тиіс. Бұл үшін терең білім мен икемді ойлау қабі­ле­ті қажет. Әскерде кем дегенде соларды бас­қаратын сержанттар мен офицерлер кәсіби, жан-жақты дайындалған маман болуға тиіс. Сержант – тек бұйрық беруші ғана емес, ол – психолог. Өйткені ол сарбаздармен бір казар­м­ада бірге тұрады, әрқайсысының ішкі жағ­дайын түсініп, ұжыммен жұмыс істей білуге тиіс. Армия – командалық құрылым. Мұнда се­нің өзің батыр болғаның емес, ұжыммен бір­ге әрекет ете алатының маңызды. Жеке өзің­де он батырдың күші болса да, егер ұжы­мыңа пайдаң тимесе, армияға жарамайсың. Ал қазіргі заманда, әсіресе, технологиялық кү­рес заманы туғанда, бұл ұстаным мүлде жа­рамайды. Қазір соғыстың сипаты өзгерді. Ен­ді жауға бетпе-бет барып, жекпе-жекке ша­қыратын заман емес, ұжымдық, күрделі так­тикалармен, жоғары технологиялармен жүр­гізілетін күрес. Мұндай жағдайда армия – жай ғана күш емес, ол – ұжымдық сана, тәртіп, се­нім.

Ашығын айту керек, кеңес дәуірінде бұл сала әлдеқайда жүйелі еді. Қазіргі жағдайда біз­де, әрине, сол кездегідей кең көлемде қар­жыландыру мүмкіндігі жоқ. Бірақ соған қа­рамастан, кейінгі екі жылда баламалы, тиімді жол­дарды іздеп, жақсы нәтижелерге қол жет­кізіп жатырмыз. Мысалы, әскерде келі­сім­шартпен қызмет еткен жастарға 38 жоғары оқу орнына тегін түсу мүмкіндігі беріліп отыр.  Бүгінде сол жастардың біразы екінші, үшінші курс­та оқып жүр. Біз олардың оқу үлгерімін, тәр­тібін білу үшін университеттердің ректор­ларынан, проректорларынан арнайы сұрап жатырмыз. Жауаптары көңіл қуантады: «Әс­керден келген балалар өте жинақы, тәр­тіпті. Үйінен жаңа келген бозбалаға қарағанда олар не істеп жүргенін жақсы біледі. Сабақтарын қал­дырмайды, семинарларына қатысады, жауап­кершілігі жоғары», – дейді. Хаттарын алдырып, бәрін жинап қойдық.

Офицер мәдениеті, ар-намысы деген ұғым болатын, соны жаңғырту қажет. Бұл жолда қазір нақты заңнамалық қадамдар жасалуда. Мәселен, жаңа заң бойынша, әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлері мен офицерлердің отбасына толық әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Балалары 23 жасқа дейін мемлекет есебінен оқиды, отба­сына көмек беріледі. Тәуелсіздік алғаннан бері 900-ден астам сарбаз бен офицер елді қорғау жолында қаза тапқан екен. Террористермен, қыл­мыстық топтармен күресте де біздің аза­маттар өмірін қиды. Енді осындай ерлік ие­лерін заңмен қорғап, олардың отбасына қол­дау көрсетіп, ұлттың қорғанына деген құр­метімізді нақты көрсетуіміз қажет.

Сосын біз армияны тек соғыс үшін қажет құ­рал деп ойламауымыз керек. Армия ол, ең ал­дымен, қоғамдық мемлекеттік институт. Мен Отаныма қызмет етуге әзірмін дейтін ер­лер мен әйелдердің орны. Қазір әскер қат­а­рын­да қызмет ететіндердің шамамен 30 пайы­зын қыз-келіншектер құрап отыр. Олар түрлі қыз­меттерді кәсіби деңгейде атқарып жүр.

Үйде отырып компьютер ойнайтын балаларға құрметпен қарайтын болдым

– Сөз арасында бірнеше рет жаңа тех­но­логиялар, дрондар туралы айтып қал­дыңыз. Әлем бойынша жасанды ин­тел­лект қорғаныс саласына жаппай еніп жа­тыр. Жаңа дағдыларды игеруге, жаңа сын-қатерге біз қаншалықты дайынбыз? Бұл бағытта бізде қандай өзгерістер бар?

– Қазақстан – ТМД мен Орталық Азияда ж­а­санды интеллект туралы заң қабылдаған ал­ғаш­қы мемлекет. Мемлекетіміз Астана Хаб сияқ­ты бастамалар арқылы технологиялық да­муға ден қойып отыр. Әрине, АҚШ пен да­мыған елдердің деңгейіне жету қиын. Бірақ бізге бастысы – көштен қалмау. Өйткені қазір­гі заманның заңы қатал: дамымасаң, артта қаласың не жоқ боласың. Осы өзгерістердің бар­лығы армияға да әсер етіп отыр. Мәселен, Ре­сей мен Украина арасындағы соғыс. Бұл қақ­тығыста жараланғандар мен қаза тап­қандардың 75 пайызы дроннан зардап шек­кен. Яғни, танкі мен зымыраннан гөрі дрон тиім­ді болып отыр. 30 миллион долларлық танк­ті небәрі 4 мың долларлық дрон жоя ала­ды. Бұл – таза есеп-қисап.

Бүгінде балаларымыз мектептерде робо­то­техниканы, дрон жүргізуді үйреніп жатыр. Шынымды айтсам, бұрын үйде ком­пьютер ойнап отыратын балаға аздап күдікпен қарайтынмын, ал қазір құрметпен қарайтын болдым. Себебі солар да отан қорғаушы бола ала­ды екен, бірақ окопта емес, технологияны бас­қару арқылы. Бұрын бір артиллериялық ди­в­изия атқаратын жұмысты енді бір ғана көзілдірік киген бала, экран арқылы істей алады.

Осыдан шығады, бізге армиядағы кейбір сте­реотиптерді, талаптарды да қайта қарау керек шығар. Мысалы, бұрын бала майтабан болса, әскерге жарамайды дейтін едік. Бірақ ол мүмкін үздік ІТ маманы шығар, Отанына қыз­мет етем деген ниеті бар шығар. Ондай жас­тарға мүмкіндік беріп, олардан үйретуші, нұс­қаушы, тәлімгер шығару керек.

– Алдағы 5 жылда қандай мәселелерге басымдық беруіміз керек? Елдің қор­ғаныс қабілетін жақсарту үшін жақын ара­да қандай нақты қадамдар жасау қа­жет деп есептейсіз?

– Бұрын әскери өмір туралы ақпаратты тек сырттан еститінбіз. Қазір әр әскери бөлім­шенің өз Instagram, TikTok парақшасы бар. Әлем­дегі кейінгі трендтерге ілесіп келеді. Өйт­кені заман талабына сай, халыққа армияны ашық, түсінікті, жақын ету қажет. Бұл үшін ар­мия да ашық болуға тиіс.

Сонымен қатар Қазақстанның әскери-тех­никалық базасынан да оң өзгеріс байқалады. Қару-жарақтың біраз түрін өзіміз шығарамыз. Біле білсеңіз, ТМД-да біз әскери-техникалық қуаты жағынан 3-4 орынға шығып отырмыз. Бұл – көп еңбектің нәтижесі. Бірақ, әрине, же­тіл­діру керек. Әсіресе, осы саланы зерттей­тін, халықпен ашық сөйлесе алатын, сарап­та­ма жасайтын, БАҚ бетіне еркін шығатын әс­кери сарапшылардың саны артуы қажет.

Соғыс болмасын, бетін аулақ қылсын. Бір­ақ мемлекет қорғаныссыз болмайды. Басқа жақ­тан ешкім, ешбір мемлекет, ешбір ұйым Қа­зақстанның жағдайын жасамайды. Швей­царияға қарайықшы. Кішкентай ғана, бай-бағ­ландардың ақшасын банктеріне жинап алып, мамыражай күн кешіп отырған ел сияқты кө­рінеді. Бірақ тарихта ең мықты армия қа­лыптастырған елдердің бірі. 5 атом стансасы бар, оны қорғайтын мықты жүйесі бар. Дайын­дығы мен тәртібі мықты, әр азаматтың қор­ғаныста өз орны болған. Әр адам жасы­ры­натын орнын, қайда барып, қандай қару алып, кіммен бірге қандай бағытта әрекет ететінін біле­тін жүйе жұмыс істейді. Бағана айтқан ай­мақтық қорғаныс туралы заңды солардан ал­дық. «Егер өз армияңды тамақтандырмасаң, бір күні өзгенің армиясын тамақтандыруға мәж­бүр боласың» деп Наполеон айтқан екен. «Бей­бітшілікті қаласаң соғысқа дайындал» деген латын сөзі бар.

Қазақтың да жақсы сөзі көп қой: ішімізді дау­дан, сыртымызды жаудан сақтасын. Әрине, қа­зір даудың мәселесін шешуіміз керек. Бірақ со­нымен қатар болашақта қандай жағдай бо­латынын білмейміз. Болашақтың соғыстары су үшін сосын ресурс үшін болады. Кімде сол ре­сурстар болса, ол әлемді билейді деп айтпай-ақ қояйын, бірақ әлем санасатын елге ай­на­лады. Бірақ сол ризығыңның қызығын көру үшін қорғай алатын армия керек. Бұл – тарих сүз­гісінен өткен шындық.

Иә, халықтың көзқарасы әртүрлі. Бірі сы­найды, бірі сенбейді. Бірақ түнде ұйықтап жат­қанда, есігіңізді біреу бұзып кірсе, сіз Бірік­кен Ұлттар Ұйымына хабарласпайсыз ғой. Алдымен 102-ге қоңырау шаласыз. Қиын сәтте арқа сүйейтінің – солар. Мысалы, өткен жылы болған су тасқыны кезінде ең алғашқылардың бірі болып көмекке келген, белуардан су кеш­кен осы өзіміздің әскерилер, құтқарушылар, Ұлттық ұлан, десанттық және инженерлік бө­лім­шелер болды. Қиын жағдайда күндіз-түні суық суда жүріп, апат аймақтарындағы адам­дарды құтқару, бөгеттер салу, техникамен қам­тамасыз ету секілді жұмыстарды мінсіз ат­қарды.

­Сондықтан зиялы қауым бар, ғалымдар, жазушылар – армияны тек сырттан бақы­лау­шы емес, жанашыр ретінде қараса деймін. Кіт­ап жазып отырсыз ба? Кем дегенде бір-екі данаңызды жақын маңдағы әскери бөлімшеге апарып беріңіз. 97-98 пайызы – қазақтың баласы. Кітапханасына қарасаңыз кіл қазақ га­зеттері мен журналдары жатыр. Басқасын оқи алмайды. Оқығысы да жоқ. Кейде қалаға, де­малысқа шығады. Аш-жалаңаш емес, бірақ оңай да емес. Осындайда алдынан шығып, жай ғана хал сұрап, «Шекарашысың ба, ұлансың ба, айналайын?» деп жылы сөз айтшы. Баланың жүрегіне үміт ұялайды. Санасында «Халық біз­ді құрметтейді екен» деген сенім қалып­тас­тырады. Бұл – бәрінен де мықты рух береді.

Иә, кемшілік бар шығар, бірақ оған тас ат­қаннан гөрі, жұмыла түзеген жөн. Жамандай бер­сек, мемлекеттің тірегін өз қолымызбен шай­қаймыз. Ал ол жақсы емес. Біз көп қиын­дық көрген халықпыз. Бірақ соның бәрін кө­ріп, Құдай бізге үлкен сый берді. Тәуелсіз ел бо­луға мүмкіндік берді. Сондықтан алданып, одан айырылып қалуға болмайды. Сосын тағы бір нәрсені білу керек: Құдай осындай жерді, осындай мемлекетті берген қазаққа кеңдігі үшін берді. Тарлығы үшін емес. Сондықтан кең бола білу керек. Ең алдымен өзіміздің ар­мия­мызға, құрылымдарымызға, заңды инс­титут­тарымызға дұрыс қолдау білдіре білсек, олар ертең өзін-өзі ақтайды. Бүгінгі күні кемші­лік­тер ол – бүгінгі күннің кемшіліктері. Бүгінгі ге­­­­нерал, бүгінгі полковник, бүгінгі офицер кетер. Ал институттар қалады. Бізге керегі – сол институттарды сақтау.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Ділда Уәлибек

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары