Халықтың Зейнетақы қорындағы қаражаты бірнеше ай қатарынан азайған. «Ақша қайда кетіп жатыр?» деген сұрақ біраз адамды алаңдатқан болатын. Жауаптылар не дейді? Жоғалған ақша қайта орнына келе ме? Осы сұрақтың жауабын іздеп, зерттеп көрдік.
Қаражат экономикаға жұмыс істеуі керек
2024 жылы қазақстандықтар БЖЗҚ-дан 500 миллиард теңгеден астам қаражат шешіп алған. Оның біразын халық тұрғын үй жағдайын жақсартуға, көбісін емделуге жұмсаған. Биыл зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі өзгерген жоқ, алайда халық зейнетақы жинақтары туралы деректерден қаражат көлемінің азайғанын байқаған. Тіпті, кейбірі бірнеше ондаған мың теңге қаражат кем екенін көрген. Осыған байланысты ел арасында түсініспеушілік туындап отыр. «Ақша қайда кетті?». Әрине, бұл – орынды сұрақ.
Естеріңізде болса, былтырғы қарашада БЖЗҚ-дағы қаражаттың 1,5 триллион теңгесі инфрақұрылым жобаларына салынатыны туралы мәлімет тағы да елді елеңдеткен болатын. Тіпті, осы бастамаға қарсы петиция да жарияланды. Сол кезде Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова ел азаматтарының ақшасы мемлекет экономикасына жұмыс істеуге тиіс екенін айтып, БЖЗҚ қаражатын инвестициялаудың маңызын түсіндірген еді. |
– БЖЗҚ – Қазақстан экономикасындағы ірі институционалдық инвестор, сондықтан да мұндай инвестицияларды дұрыс түсіну қажет. Өйткені қазақстандықтардың ақшасы, бірінші кезекте, өз экономикамызға жұмыс істеуге тиіс. Бұл салымшылардың зейнетақы жинақтарына тұрақты инвестициялық кіріс алуды ғана емес, сонымен бірге елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да ықпал етеді, – деген еді Әлия Молдабекова.
Яғни, ақша экономикаға жұмыс істеуі керек, әйтпесе, оны инфляция құнсыздандырады. Төраға орынбасары бұл – бүкіл әлемдегі зейнетақы қорлары қолданып отырған стандарт тәжірибе деп түсіндірген.
Сондықтан зейнетақы жинақтары елімізде де, шетелде де нарықтық жағдайларда әртүрлі валютадағы түрлі қаржы құралдарына салынады. Осылайша, инвестициялық кіріс әртүрлі көзден келеді: бағалы қағаздар (салымдар және басқа да операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістер; қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау түріндегі кірістер; сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және тағы да басқа. Демек, қордағы қаражат көлемі осы кірістің өзгеруіне тікелей байланысты болады.
– Зейнетақы активтерін инвестициялаудың басты қағидаты – оларды әртараптандыру. Мұндай тәсіл олардың ұзақмерзімді сақталуын және инвестициялаудан тұрақты түрде кіріс алуды қамтамасыз етеді. Бұл өте маңызды, өйткені зейнетақы жинақтарындағы негізгі үлес, әдетте, көптеген жылдар бойы жинақталған инвестициялық кіріске тиесілі болады, – дейді БЖЗҚ ресми жауабында.
Зейнетақы активтерін басқарушы-
лар – Ұлттық Банк пен инвестициялық портфельді басқарушылар инвестициялаудың өзіндік стратегиясына сәйкес жұмыс істейді. Олар инвестициялық портфельдің құрылымын инвестициялық декларация шеңберінде өздері айқындайды. Нақты қандай құралдарға инвестиция жасалатыны сол стратегияға сәйкес анықталады.
Барлығы нарыққа негізделген
Ел ішіндегі сауалдарға жауап беріп, мәселені жан-жақты түсіндіру үшін өткен айдың ортасында Ұлттық Банк осы тақырыпта брифинг өткізген болатын. Жиында БЖЗҚ активтері қалай басқарылып жатқаны, жұмыстың нәтижелері туралы мәлімет берілді. |
2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) зейнетақы активтері 22,3 трлн теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш 2014 жылғы сәуірден, яғни зейнетақы активтері БЖЗҚ-да біріктірілген кезден бері 5 еседен астам өсіпті.
Брифингте айтылған нақты деректерге сүйенсек, БЖЗҚ зейнетақы активтерінің қазіргі портфелі мынадай құрылымнан тұрады: 60 пайызы – теңгемен номинирленген қаржы құралдары, 40 пайы-
зы – шетел валютасымен номинирленген қаржы құралдары. Яғни, валютадағы активтердің үлесі ақшалай есептегенде 17,7 млрд АҚШ долларын немесе 9 трлн теңгені құрайды.
Ал теңгедегі портфель құрылымында негізгі инвестиция мемлекеттік бағалы қағаздарға салынған – олардың көлемі 9,3 трлн теңгені немесе теңгедегі портфельдің 69 пайызын құрайды. Бұл бағалы қағаздар Қазақстан қор нарығындағы ең сенімді әрі өтімді қаржы құралы саналады. Зейнетақы активтері, сонымен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілерінің облигацияларына – бұл шамамен 15 пайыз, екінші деңгейлі банктердің облигацияларына инвестицияланады, бұл шамамен – 5 пайыз.
Жиында Ұлттық Банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов зейнетақы активтерінің инвестициялану тетігіне тоқталып, БЖЗҚ портфелінің құрылымы мен басқару қағидаттарын нақты түсіндіріп берді.
– Айта кету керек, БЖЗҚ зейнетақы активтері қандай да бір эмитенттердің түріне немесе олардың қаражатты жобаларға инвестициялауға қатысты түпкі мақсатына қарамастан, тек нарықтық мөлшерлемелермен инвестициялана-
ды, – деді Нұржан Тұрсынханов. Оның айтуынша, бұл тәсіл активтердің тұрақты табыс әкелуіне ғана емес, ел экономикасына да оң әсер етеді.
– Мұндай тәсіл зейнетақы актив-терінің тұрақты инвестициялық табыс әкелуіне ғана емес, сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да ықпал етеді, – деп толықтырды ол.
Сондай-ақ зейнетақы активтеріндегі валюта үлесіне де тоқталды. Оның сөзінше, мұндай әртараптандыру инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтеді.
– 2016 жылдан бері зейнетақы активтеріндегі валюталық үлес кезең-кезеңімен 17 пайыздан 40 пайызға дейін ұлғайды. Валюталық активтердің болуы инвестициялаудың географиясын кеңейтіп, қаржы құралдарының түр-түрін пайдалануға, сондай-ақ инвестициялық портфельдің сапасы мен өтімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар стратегиялық аллокация туралы да сөз болды. Валюталық портфельді тиімді басқару үшін тәуекел мен табыстылық арасындағы тепе-теңдікті сақтайтын мақсатты стратегиялық аллокация әзірленген. Бұл стратегия нақты қандай құралдарға инвестиция салатынын да түсіндірді. |
– Валюталық активтер индекстік негізде басқарылады, яғни инвестиция таңдалған нарықтардағы бағалы қағаздардың кең жиынтығын қамтитын индекстерге негізделеді. Мысалы, акциялар индексі Apple, Microsoft, Tesla және басқа да компанияларды қоса алғанда, 1 000-нан астам эмитентті қамтиды, – деді Нұржан Тұрсынханов.
Оның айтуынша, мұндай құрылым тәуекелді азайтып, табыстың тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
– Осылайша, акциялардың жоғары құбылмалылығын ескере отырып, оны азайту мақсатында өзара корреляциясы әлсіз АҚШ-тың қазынашылық облигациялары портфельге қосылды. Бұл – біз соңғы екі аптада байқағанымыздай, акциялар құны қатты құбылып, төмендеген кезеңдерде, валюталық портфельдегі облигациялар сол шығынның орнын толтыра алады дегенді білдіреді, – деп нақты мысал келтірді департамент директоры.
«Ауытқулар – уақытша, өсім – тұрақты»
Сонымен, қаражат азайғанына нақты не себеп болды? Бұл жағдай қоғамда алаңдаушылық тудырғанымен, Ұлттық Банк оны уақытша құбылыс деп сендіріп отыр. |
– 2025 жылдың бірінші тоқсанында зейнетақы салымшылары өз шоттарында инвестициялық табыстың төмендегенін байқады. Алайда бұл жағдай уақытша сипатқа ие, сондықтан алаңдауға негіз жоқ, – делінген түсіндірмеде. Ресми мәліметке сүйенсек, бұл төмендеу зейнетақы активтерінің нарықта қайта бағалануымен байланысты.
– Төмендеу үрдісі зейнетақы активтері қайта бағаланғандықтан болды, – деп нақтылады Нұржан Тұрсынханов. Сондай-ақ табыстың азаюына бірнеше сыртқы және ішкі факторлар әсер еткен. Атап айтқанда, теріс инвестициялық табыстың негізгі себептерінің бірі – инфляция мен инфляциялық күтулердің өсуі аясында мемлекеттік бағалы қағаздар кірістілігінің артуы. Бұл өз кезегінде олардың нарықтағы құнын төмендетіпті. Сонымен қатар Қаржы министрлігі осы бағалы қағаздарды көп ұсынғандықтан, ол да нарықтағы бағаға әсер еткен.
Ұлттық Банк валюта бағамының құбылуы да табысқа әсер еткенін жоққа шығарған жоқ. |
– Инвестициялық табысқа АҚШ долларына қатысты теңге бағамының құбылмалылығы да әсер етті. 2025 жылдың басында доллар бағамы 525,11 теңге болса, наурызда 504,44 теңге болды, – деді Нұржан Тұрсынханов. Бұл ретте банк теңге нығайған кезде шетел валютасындағы активтердің теңгемен есептелген құнының төмендеуі уақытша құбылыс екені айтылды.
– Бұл жердегі маңызды мәселе: теңге нығайған кезде шетел валютасындағы активтердің теңгемен есептегендегі құны уақытша төмендейді. Бұл есептеулерде теңгемен көрсетілген мәнде шығын ретінде көрініс табады, – дейді Ұлттық Банк өкілі.
Яғни, табыстың теріс мәнге түсуі түбегейлі шығын емес.
Жыл басынан бері тіркелген теріс инвестициялық табыс – есеп түріндегі ғана мәлімет, яғни түбегейлі шығын болып саналмайды. Бұл – активтер құнының уақытша құбылуына байланысты қалыптасқан көрсеткіш. Қаржы нарығындағы жағдай тұрақталған сайын, бұл активтердің құны қайта қалпына келеді, – деді Нұржан Тұрсынханов.
Инвестициялық саясаттың жалпы бағытында еш өзгеріс жоқ. Мұндай тәсілдің артықшылығы көп екені де айтылды. Ұлттық Банк болашақта да салымшылар мүддесін ескере отырып, зейнетақы активтерін ұзақмерзімді мақсаттарға сай инвестициялауды жалғастыра беретінін жеткізді.
Яғни, зейнетақы активтері мәселесіне келгенде, бүгін-ертеңді ғана қамтымай, алысқа көз тігу қажет. Жалпы, зейнетақы активтері әлемдік тәжірибеде ұзақмерзімді инвестиция ретінде қарастырылады. Сондықтан қысқамерзімді табыс көрсеткіштері зейнетақы активтерін басқару тиімділігінің нақты көрсеткіші бола бермейді. Демек, қаражаттың азаюы қордың инвестициялық қызметіне байланысты болып отыр. Ал ақша қайтадан орнына келе ме деген сұраққа келер болсақ, жауаптылар «нарық тұрақтағанда, активтердің құны қайта қалпына келеді» деп сендіріп отыр.