Мұқағали Мақатаевтың ұлы әкесін «сорлы еркекке» теңеген блогерден 10 млн талап етті

/
Мұқағали Мақатаевтың ұлы әкесін «сорлы еркекке» теңеген блогерден 10 млн талап етті
Әлеуметтік желіден

Мұқағалиды сорлы еркек деп әлемге жар салған Әлішер Теменовтің ісі сотта қаралып жатыр. Блогердің үстінен Мұқағали Мақатаевтың ұлы Жұлдыз Мақатаев шағым түсірген, деп хабарлайды Orda.kz.

Ол Теменовке қатысты Қылмыстық Кодекстің 131-бабы 2-тармағы «Қорлау» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғауды сұраған. Қылмыстық істі Алматының Наурызбай аудандық сотында судья Бейнегүл Қайсина қарады. Ақыры Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында Мұқағалиды қорлаған блогер Әлішер Теменовке қатысты сот басталды. Ал Теменов адвокат жалдамақ болған, бірақ әлі таппапты. Сотқа ресми өкілі Мейірман Шекеевпен бірге келді. Әлішер Теменов сот залында журналистердің бейнеге түсіруіне қарсылық білдірді.
Блогердің ресми өкілі соттаспай-ақ татуласуға келіп едік деді судьяға.

«Бұл екі кісі түптеп келгенде туыс. Бір атаның балалары. Негізі Теменов өз әрекеті үшін кешірім сұраған. Мүмкін сізден кешірім сұрамаған шығар. Өзім де қарсы болғанмын. Бірақ біздің көмекке жүгінген соң, көмектесейік деп шештік. Мүмкін болса, сізден кешірім сұрасақ деп едік», — деді блогердің ресми өкілі Мейірман Шекеев Мұқағалидың ұлы Жұлдыз Мақатаевқа.
Судья 10 минут үзіліс жариялап, екі тарапқа татуласуға мүмкіндік берді. 
«Мен күйзеліске түстім, біздің атымызға нұқсан келтірді. Моральдық шығын келтірді. 10 млн теңге моральдық шығын өтесін. Желіде кешірім сұрасын. Ары қарайғысын көреміз», — деді Жұлдыз Мақатаев сотта.
Ал блогердің ресми өкілі келісіп көреміз дегенді айтты.

Еске сала кетейік, былтыр 8 қазанда блогер Әлішер Теменов әлеуметтік желіде Мұқағали Мақатаевты былапыт сөздермен қорлап бейнежазба жариялады.
Алайда блогер бейнежазбаларын өшіріп үлгерген. Алайда жұрттың ашуына тиген жазба лезде халыққа тарап кетті. Мұқағалидың жерлестері бұл қорлыққа шыдамай, Теменовтің үйіне дейін барып, іздеу салған. Артынан блогер мен әкесін Мұқағалидың туған жері Қарасазға апарып, халықтан кешірім сұратты. 

Әлішер Теменов — Алматы облысы Ұйғыр ауданы Сұңқар ауылының тұрғыны. Ол сотта бір қызы барын және әйелінің екінші балаға жүкті екенін айтты. Тұрақты жұмысы жоқ, тек блогерлікпен айналысады. Алғаш рет сотталып жатыр. 

Ол журналистерге қандай да бір уәж айтудан бас тартты.

Ал Мұқағалидың баласы Жұлдыз Мақатаев:

«Осы күнге дейін алдыма келіп кешірім сұрамады. Күйзеліске түстім. Әкем Мұқағали айтып еді «балам, мені халық жамандасын, өйткені пендемін, бірақ менің шығармаларымды жамандаған адамды кешірмеймін» деп. Теменов не үшін бұлай айтқанын түсіндірмеді, бірақ өкінетінін айтты», — деді Жұлдыз Мақатаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары