"Төрт армия спортшысы – Олимпиада жүлдегері": Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитеті меморандум жасасты

/
"Төрт армия спортшысы – Олимпиада жүлдегері": Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитеті меморандум жасасты
www.gov.kz

Қорғаныс министрлігі мен ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті Ынтымақтастық туралы меморандумға жасасты. Құжатқа Қорғаныс министрі, сондай-ақ спорттық және жауынгерлік самбо федерациясын басқаратын генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен ҰОК президенті Геннадий Головкин қол қойды.

Тараптар әскери қызметшілер арасындағы олимпиадалық қозғалысты және CISM спорттық бастамаларын қолдау, спорттық инфрақұрылымды дамыту және армия спортшыларын даярлау тиімділігін арттыру бойынша бірлескен жұмыс туралы уағдаласты.

Қорғаныс министрі бұл тұрғыда Геннадий Головкин сияқты тәжірибесі мол кәсіби спортшыны ҰОК президенті лауазымына тағайындау қазақстандық спорттың, оның ішінде армия спортының дамуына оң әсерін тигізетінін атап өтті. Ол Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті мен ҰОК арасындағы күш-жігерді біріктіру армия спортшыларының шеберлігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

"Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубы мен Ұлттық Олимпиада комитеті арасындағы армия спортшыларын қолдау жөніндегі күш-жігерді біріктіру олардың шеберлігін арттыруға ықпал етеді. Өйткені, біздің ортақ мақсатымыз – чемпиондарды тәрбиелеу, әрі Қазақстанды әлемдік аренада таныту", – деді Министр.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов сондай-ақ, жақын арада Алматыда әскери-спорт колледжі ашылатынын, онда тәрбиеленушілер спорттық, әскери даярлық пен орта-техникалық білім беруді жетілдіретінін айтты. Бұл ауылдық аймақтардағы жастарға жол ашып, спортта үлкен биіктерге жетуге мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Қорғаныс министрлігінің олимпиадалық спортшыларды даярлауда қолдауын жоғары бағалайтынын атап өтті. 

"Біздің ынтымақтастығымыз Қазақстанда спортты одан әрі дамытуға және халықаралық аренадағы спортшыларымыздың позициясын нығайтуға ықпал ететін болады. Біздің міндетіміз – ортақ. Өзара іс-қимылымыз да жемісті болатынына сенімдімін", –  деп қорытындылады Геннадий Головкин.

Еске сала кетейік, Қорғаныс министрлігінің Спорт комитетінде 12 олимпиадалық спорт түрі бар. Армия орталық спорт клубында онымен 131 спортшы айналысады. Өткен жылы әскери қызметшілер Олимпиада ойындарына 21 лицензия ұтып алды. Бұл ретте төрт армия спортшысы Париж Олимпиадасының жүлдегері атанғанын атап өту керек.

Бөлісу: