Мұғалімдерге ұстаз мәртебесі беріліп, арнайы мереке күні де белгіленгені белгілі. Алайда осы мерекеде мектепте істейтін күзетші, от жағушы, медбике, еден жуушылар бұл санатқа кірмейді деп хабарласқан оқырман көп болды. Олардың қай санатқа жататынын және мұғалімдермен қатар жалақысы өсетіні, үстемеақы қосылатынын білу үшін Оқу-ағарту министрлігіне хат жолданда.
Аikyn.kz сайтының жіберілген сұрағына Оқу-ағарту министрлігі ресми жауап берген болатын. Олардың мәліметінше, білім беру ұйымдарының техникалық персонал қызметкерлері (күзетші, от жағушы, медбике, еден жуушылар және басқалар) Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес әкімшілік және қосалқы персонал жұмысшыларына жатқызылады.
– «Яғни, әкімшілік және қосалқы персонал жұмысшылары қызметтің барлық салалары үшін ортақ. Олардың жалақысы барлық салалар бойынша бір мезгілде көтеріледі. Осыған байланысты, техникалық (әкімшілік, қосалқы) персонал қызметкерлеріне еңбекақыны арттыру, қосымша ақылар мен үстемеақыларды белгілеу мәселесін еңбек саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарастырады», – делінген хабарламада.
Тіпті Оқу-ағарту министрлігі осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында білім беру ұйымдарының техникалық персонал қызметкерлерінің жалақысы 2022 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі кезеңде екі есеге арттырылғанын хабарлады.
«2022 ж. – 23%, 2023 ж. – 45%; 2024 ж. – 71% және 2025 ж. – 100%. Осыған орай, білім беру ұйымдарының техникалық персонал қызметкерлерінің жалақысы 2025 жылы 100%-ға ұлғайды. Сонымен қатар, қолданыстағы Азаматтық қызметшілердің еңбекақы төлеу жүйесіне (бұдан әрі — Еңбекақы төлеу жүйесі) сәйкес әкімшілік, қосалқы персоналдың барлық қызметкерлеріне еңбек жағдайы үшін үстемеақылар мен қосымша ақылар көзделген.
– Мысалы, мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың барлық қызметкерлеріне ерекше еңбек жағдайлары үшін лауазымдық айлықақыдан 10% мөлшерінде үстемеақы белгіленеді. Оған қоса сыныптық біліктілігі бар білім беру ұйымының жүргізушілеріне базалық лауазымдық айлықтан (бұдан әрі — БЛА) 20%-35% мөлшерінде қосымша ақы белгіленеді. Дезинфекциялау құралдарын пайдаланатын өндірістік және қызметтік үй-жайларды тазалаушыларға БЛА-дан 20%-30% мөлшерінде қосымша ақы белгіленеді», – делінген министрлік жауабында.
Сонымен министрлік елімізде шалғай ауыл-аймақтардағы мектептерінде еден жуушы, от жағушы мамандардың айлығына қосымша ақы есептелетінін көрсетті. Егер есебі дұрыс есептелген жұмысшы мамандар болса, мекемеден талап етуіне болады. Жалпы өңірлердегі білім басқармаларының құрылтайшысы – жергілікті атқарушы билік, сәйкесінше қаржыландыруды солар жүзеге асырады.
Егер осы қызметкерлер мереке немесе демалыс күндері жұмысқа шықса, оларға жалақысына қосымша ақы белгіленуі тиіс. «Мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың барлық қызметкерлеріне мереке немесе демалыс күндерінің әр сағаты үшін сағаттық мөлшерлемеден 50% мөлшерінде қосымша ақы белгіленеді» деп көрсетілген министрліктің жауабында.
Алайда еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес мемлекеттік басқару органдарына тиісті жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша жергілікті бюджеттен қаржыландыратын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлығын жергілікті бюджет қаражаты есебінен ынталандыру үстемеақыны белгілеу құқығы берілген екен.
«Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлығына ынталандыру үстемеақыны белгілеу тәртібі мен шарттарын тиісті жергілікті атқарушы орган айқындайды. Сондай-ақ, Еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес ұйымдардың басшыларына кредиторлық берешек болмаған кезде қаржыландыру жоспары бойынша тиісті мемлекеттік мекемені ұстауға көзделген қаражатты үнемдеу есебінен немесе кредиторлық берешегі болмаған кезде мемлекеттік басқару органы қазыналық кәсіпорын үшін бекіткен даму жоспары бойынша қаражатты үнемдеу есебінен салалық келісімде, ұжымдық шартта және (немесе) жұмыс берушінің актісінде айқындалған тәртіппен ұйымдардың қызметкерлердің лауазымдық айлығына ынталандыру үстемеақыны белгілеу, сыйлықақы беру және материалдық көмек көрсету құқығы берілген», – деп жауап берді Оқу-ағарту министрлігі.
Айта кетерлігі, бұған дейін «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Жұлдыз Сүлейменова Мәжіліс отырысында осы мәселені көтеріп, депутаттық сауал жолдаған. Депутат еден жуушы, ағаш шебері, сантехник, аула тазалаушы, электриктер секілді қарапайым еңбек адамдарының еңбекақысын арттырудағы бірыңғай жүйесін қалыптастыру және еңбек демалысына сауықтыру жәрдемақысын төлеуді қарастыру керегін сұрады.