Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданының 54 жастағы мұғалімі алаяқтардан зардап шекті.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, алаяқтар алданған әйелдің атына төрт бірдей банктен несие рәсімдеген. Сөйтіп оны 9 млн теңге шығынға қалдырған.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 190-бабына сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.
Сонымен қатар Орал қаласының 51 жастағы тұрғыны алаяқтардың арбауына түсіп, 600 мың теңгесін аударып жіберген.
- Алаяқтар Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен банктің қауіпсіздік қызметінің мамандарымыз деп өздерін таныстырып, азаматтарға хабарласады. Олар жәбірленушілердің есепшоттарын қорғаймыз деген сылтаумен қаржысын иемденіп кетіп жатыр. Облыстық полиция департаменті тұрғындарға абай болу керектігін, банктік карта деректерін, құпия сөздер мен SMS арқылы келетін растау кодтарын телефон арқылы ешкімге айтпау керектігін еске салады, - деп хабарлады ведомстводан.