Ақтөбелік полицей көпқабатты үйдің тұрғындарын аман алып қалды

/
Ақтөбелік полицей көпқабатты үйдің тұрғындарын аман алып қалды
Polisia.kz

Көпқабатты үй тұрғындары өрттен құтқарған полицейге алғыс айтты, деп хабарлады turkystan.kz

20 сәуірде түскі уақытта Ақтөбе қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің бірінші қабатынан өрт шықты. Электр тоқтары орналаласқан бөлмеден шыққан түтін 9 қабаттың барлығына тез тараған.

Оқиға орнына алғашқылардың бірі болып Ақтөбедегі №3 қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Әлихан Саймағамбетов жеткен.

Жағдайды тез бағалаған полицей арнайы қорғаныс құралдарының қолда болмағанына қарамастан, ішке кірген. Адамдардың өміріне төнген қауіптің алдын алу үшін Әліхан жүгіріп барлық пәтердің есігін қағып жүріп, адамдардың барлығын эвакуациялаған. Әсіресе, кішкентай балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қатты алаңдаған ол түтінге оранған бірнеше пәтерден оларды өзі көтеріп алып шығарған. Учаскелік инспектор мен өрт сөндірушілердің жылдам, әрі батыл әрекеттерінің нәтижесінде қауіптің жолы кесіліп, адам шығыны болған жоқ.

Азаматтардың өмірі үшін жанұшыра жүгірген тәртіп сақшысының әрекетіне риза болған тұрғындар полиция департаменті басшылығының атына алғысхат жолдады.

«Осындай жанын аямай, ел үшін тер төгіп жүрген адал азаматқа алғысымыз шексіз. Бастысы, адам шығыны жоқ, денсаулықтарына да зиян келген жоқ. Мүмкіндігі шектеулі жандарды да осы бала көтеріп алып шықты», - дейді учаскелік инспектордың адалдығы мен адамдығына риза болған тұрғындар.

 

Бөлісу: