Қазақстандық гимнаст Милад Карими Дохада (Қатар) өтіп жатқан Әлем кубогының кезеңінде екінші алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Olympic.kz.
Ол 19 сәуірде кермедегі жаттығулар бағдарламасының финалында топ жарды.
Ақтық сында Карими төрешілердің шешімімен 14.500 ұпай жинады. Тайбэйлік Чиа Хун Тан 14.400 ұпаймен екінші орынды иеленсе, қытайлық Ци Тан 14.000 ұпай жинап, үздік үштікті түйіндеді.
Осылайша, Милад Әлем кубогының кезеңін екі алтын медальмен аяқтады. Бұған дейін ол еркін жаттығулар бағдарламасының финалында жеңіске жеткен болатын.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы бұл жарысты төрт медальмен аяқтады. Финалдың алғашқы күнінде Нариман Құрбанов ат снарядындағы жаттығуда үшінші орын алса, Алтынхан Темірбек еркін жаттығуларда екінші орын иеленді.